Арыс аудандық орталық ауруханасы коронавирустың екінші толқынына сақадай сай. Былтырғы жарылыс кезінде қирап қалған ғимарат толығымен қалпына келтірілді. Аурухана барлық заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Салаға жауаптылар дәрілік заттар қорының да жеткілікті екенін айтады. Біздің түсірілім тобы емдеу мекемесінің бүгінгі жағдайымен танысып қайтқан болатын.

Арыс қаласы орталық ауруханасының бас дәрігері Ерғали Әлімбаев былтырғы жарылысты қорқынышты түстей еске алды. Жарылыс болған сәтте ол отадан шыққан екен. Аурухана апат кезінде айтарлықтай зақымданғанмен, қызметкерлер мен науқастар дін-аман қалды дейді бас дәрігер.

Ерғали ӘЛІМБАЕВ, Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: «Аурухананың шығыс бөлігі көп зақымданды. Мен ол кезде емханада болатынмын. Алдымен, жүкті әйелдер мен балалар оқшауланды. Өзі жүріп-тұра алатындары Монтайтасқа көшірілді…
Ауруханаға демеушілер есебінен су жаңа қабылдау бөлмесі салынды. Жаңа медицинадық құрылғылармен жабдықталған бөлімде қазір мамандар жаңа жүйеде жұмыс істейді».

Арыстағы аппатан кейін әлемді тікеден тік тұрғызған коронавирустың алғашқы толқыны жергілікті мамандарды бір сілкіп алды дейді бас дәгірер. Аурухананың бір бөлімі қауіпті инфекцияны жұқтырғандарға арналып жабдықталған. Бүгінде мұндай Ковид жұқтырған науқас жоқ. Алайда, пендемияның екінші толқынына дайындық жүргізілуде.

Арыстағы ауруханада дәрілік заттар қоры да жеткілікті. Салаға жауаптылар жарылыс пен пандемия жергілікті мамандарға кез-келген сынаққа сақадай сай болу керектігін ескертті дейді.

Мақпал Рысбаева