Үкімет басшысы азық-түлікті молайту жоспарына бір ай уақыт берді. Халықты бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамту жайы талқыланған бүгінгі Үкімет отырысында Үкімет басшысы министрлер бірқатар тапсырма жүктеді.
Тамақ өндірісіндегі мүмкіндіктермен мақтанған ведомства басшылары саладағы проблемаларды да іркіп қалған жоқ. Күнделікті тұтынылатын тауарларды қолжетімді етуде биліктегілер қандай қадамдарға барады?
Бүгінгі Үкімет отырысында азық-түлік жайы талқыланды. Үкімет басшысы бірінші кезектегі қажетті тауарларды молайтуға бір ай уақыт берді. Осы аралықта халықты бірінші кезекте қажетті тауарлар өндіруге пәрмен беретін кешенді жоспар жасалынуы тиіс. Бұл ретте жергілікті әкімдерге де зор жауапкершілік артып отыр.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: «Бүгінгі ұсынылған шараларды мақұлдау қажет деп есептеймін. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі бір ай ішінде нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молайту жөніндегі кешенді жоспарды қабылдасын. Өңірлердің әкімдері осы жобалардың іске асырылуын жеке бақылауға алсын».
Премьер-министр үш жылдан кейін Қазақстан ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ете алатын өнімдерді де атады. Олар — құс еті, ет, сүт, қант, алма. Асқар Маминнің бұлай деуі де тегін емес.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі: 2024 жылға қарай жаңа құс фабрикаларын, ет комбинаттарын, сүт, қант зауыттарын ашу және алма бақтарының алаңдарын көбейту жоспары бар».
Ал экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев балық өсірудегі кемшілікті жайып салды. Еліміздің балық өсіру әлеуеті әлдеқайда жоғары. Мәселен, бізде 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады екен. Алайда, бұл шаруашылық әлі ақсап тұр. Министрдің сөзі «қолда барды ұқсата алмасақ, бизнеске берейік» дегенге сайды.
Ал дәруменге бай алмаға қашан жаримыз? Ауылшарушылығы министрі ол үшін ұсақ шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру қажет дейді. Ал жаңа бақтар отырғызуды негізгі бақ шарушылығымен айналысатын Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарына, Шымкент қаласына шоғырландыру ұсынылып отыр.
Мақпал Рысбаева