Күн суытып, қара күз күшіне мінді. Құбылмалы күн райы терімізге де кері әсерін тигізеді. Әсіресе, ыстық мезгілден суық мезгілге өтпелі кезеңде тері ерекше күтімді қажет етеді. Теріңізді сыртқы факторлар әсерінен қалай қорғау керек екенін білмесеңіз, мына кеңестерді оқи отырыңыз.
Біріншіден, күзде теріміз ылғалдандыруды ғана емес, сондай-ақ, қоректендіруді де қажет етеді. Сондықтан тері күтіміне қажетті заттарды мұқият таңдаған жөн. Мәселен, бетті сүртуге арналған сұйықтықтан гөрі крем қолданыңыз. Жақпамайдың құрамы түрлі майларға бай болғаны маңызды. Алайда теріңіз майлы болса, абайлап қолданған жөн.
Екіншіден, жаңбырлы күн — бұл глицерин мен гиалурон қышқылы үшін қолайлы мезгіл. Бұл екі «сиқыршы» қоршаған ортадағы ылғалды теріңізге тартып, ылғалдандырып тұрады. Нәтижесінде, теріңіз тартылып, реңі кіреді.
Үшіншіден, күн суықта бет терісі құрғап, қатқылданады. Егер қатқан теріден құтылмасаңыз, бетіңіз қатпарланып кетуі мүмкін. Бұл бет терісіндегі саңылаулардың бітелуіне әкеп соғады. Сондықтан да күн суықта беттегі «өлі» қабықтан құтылу үшін аптасына 2 рет тазартып тұру қажет.
Төртіншіден, қолыңыз бен ерніңізге де көңіл бөлуді ұмытпаңыз. Авокада мен ши майлары бар бальзам, кремдер қолданыңыз.
Бесіншіден, күзде теріңізге «маска» жасаңыз. Бетке арналған маска – нағыз қорғаныш құралы. Әрі бет терісін ылғалдандырады және қоректендіреді. Осы ретте үйде жасауға болатын 5 түрлі масканы ұсынамыз. Өзіңіздің бет теріңізге сәйкесін таңдап алыңыз.
АСҚАБАҚ МАСКАСЫ
Қажет заттар: алманың 1/4 бөлігі, 1 жұмыртқа сарысы, 1 шай қасық бал, 2-3 дана жүзім жемісі, 2 тілім піскен асқабақ.
Дайындалуы: Барлық қоспаны жақсылап араластыру қажет. Дайын болған жақпаны бетіңізге жағыңыз (мойын терісіне де жағуға кеңес береміз). 20-30 минут күтіңіз. Масканы алып тастап, бетіңізді жылы сумен жуыңыз. Бұл маска бет теріңізді ылғалдандырады. Түсін қалпына келтіреді. Кез келген бет терісіне жағуға болады.
ЙОГУРТ МАСКАСЫ
Қажет заттар: 10 дана жүзім, 1 шай қасық лимон шырыны, 1 шай қасық бал, 1 шай қасық йогурт қажет.
Дайындалуы: Барлық қоспаны жақсылап араластырамыз. Бетке жағып, 20-30 минут күтіңіз. Сосын жуып тастаңыз. Бұл маска желден тітіркенген теріні ылғалдандырады әрі тыныштандырады.
СӘБІЗДЕН ЖАСАЛҒАН МАСКА
Қажет заттар: 1 дана сәбіз, 1 шай қасық бал, 1 ас қасық сұлы ұны және сұлы жармасы.
Дайындалуы: Барлығын жақсырап араластырамыз. Дайын болған жақпаныбетіңізге жағып, 20 минут күтіңіз. Бетіңізді жылы сумен шайыңыз. Бұл маска бетіңізді қоректендіреді, тыныштандырады, салқындатады әрі ылғалдындырады. Аптасына 2-3 рет жасауға болады.
Қажет заттар: мүкжидектің 7 жидегі (балғын). 1 шай қасық бал, 1 шай қасық йогурт. Барлығын ұсақтап, жақсылап араластырыңыз. Дайын болған жақпаны таза бетке жағыңыз. Көз айналасына тигізбеген абзал. Масканы 15 минутқа қалдырыңыз. Абайлап жуып тастаңыз.
Мүкжидек С, К дәруменіне бай. Құрамындағы заттар тері иммунитетін көтеріп, көз астындағы қара дақтарды кетіреді
БАНАН МАСКАСЫ
Қажет заттар: 1 дана банан, 1 шай қасық бал, 1 ас қасық ас содасы. Барлығын араластыру қажет. Дайын болған қоспаны бетіңізге жағып, 15 минут күтіңіз.Сосын жуып тастаңыз.
Бұл беттегі өлі теріден құтылғысы келетіндерге арналған маска. Банан құрамындағы дәрумендер бет терісін ылғалдандырып, бір түске ағаруына септігін тигізеді.
ЕСКЕРТУ: Егер дайындаған маска сұйық болып кетсе, еш абыржымаңыз. Арнайы құрғақ жапырақты масканы немесе алоэ-вера гелін сатып алып, үйде дайындаған қоспаға араластырыңыз. Қоспаңыз бірден қоюланып, бетіңізге оп-оңай жағылады. Бұл масканы тез құрғап кетуінен де сақтайды.
Дайындаған – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №41, 8 қазан 2020ж