Пандемия кезеңі бәрімізге, соның ішінде жастар қауымына тіпті қиын тиіп жатқандай. Жастар күйзелісінің алдын алу, сақтандыру, үнемі байланыста болу маңызды-ақ. Түркістан облысындағы жастар қауымы жайында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Амалбек Өміртаймен сұхбаттастық.
– Түркістан облысындағы жастар стастистикан айтып өтсеңіз…
– Түркістан облысы — халық ең көп шоғырланған облыс. Қазіргі таңда облысымызда 465 699 жас бар. Жас ерекшеліктері бойынша айта кетсек, 14-17 аралығында 147 642 жас, 18-21 жастағы 115 620 жас, 22-25 – 115 846 жас және 26-28 жасар 86 615 жас бар. Басым көпшілігі ауыл жастары – 382 789 болса, қалада 82 910 жас бар. Жастардың ең көбі Сайрам және Жетісай аудандары мен Кентау қаласында тұрады. Соның 169 852-і мектеп оқушылары, ал студенттер саны — 44 664. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастар 6000 адамға жуықтайды. Ал NEET жастар үлесі II тоқсан қорытындысы бойынша, 6,7%, 31201 жасты құрап отыр.
– Түркістан жастар орталығында пандемия кезінде жұмысы қалай болды? Қандай тәртіппен қызмет етті, жастармен байланыс үзіліп қалған жоқ па?
– Пандемия дәстүрлі жұмыс жүйесіне айтарлықтай өзгерістер алып келгені рас. Десе де қарқынымызды бәсеңдетпеуге тырыстық. Карантинде қазіргі байланыс құралдарын пайдалана отырып, жастармен тығыс қарым-қатынаста жұмыс істедік. «Сондықтан байланысымыз үзілмеді» деуге толық негіз бар. Карантиндегі сақтық шараларымен қоса, жастардың дамуы мен ізденуіне арналған түрлі жобаларды, қашықтықтан іске асырдық.
– Жастарға карантин кезінде қандай іс-шаралар ұйымдастырылды? Түрлі сайыстар өткізілген болса, жас толқынның онлайн қатысуы көңіл көншіте ме?
– Әрине, жастардың бос уақытын пайдалы өткізуі үшін онлайн байқаулар мен кездесулер ұйымдастырылды. Мысалы, халқымыздың болмысын, салт-дәстүрін насихаттау мақсатында инстаграм желісінде «Наурыз, Наурыз, күн игі» көркемсөз оқу байқауы, композитор, «Қазақ вальсінің» королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай «ТОЛҚЫСЫН ШАРТАРАП» атты республикалық өнер конкурсы, «Парасат» орденінің иегері, айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованың 70 жылдық мерей тойын облыс көлемінде атап өту және жастардың бойындағы мәдениеттілікті, рухани-адамгершілікті, өнерге, білімге деген шығармашылық ізденістерін дамыту мақсатында Отырар аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесіп, жастар арасында «Әселхан оқулары» облыстық көркем сөз оқу-видео сайысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты, жазушы публицист Мархабат Байғұттың мерейлі 75 жасқа толуына орай, республикалық «Махаббат мақам Мархабат» атты жас қаламгерлердің шығармашылық байқауы секілді жастарға шабыт беретін конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаз жастарды ынталандыру мақсатында алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Жастардың кәсіби және тұлғалық өсуіне ықпал ету және карантин кезінде ізденісті тоқтатпауды көздеген орталығымыз елімізге танымал, белгілі тұлғалармен онлайн кездесулер өткізді. Атап айтқанда, белгілі журналист Данияр Есен, журналист-блогер Өркен Кенжебек, актриса Жұлдыз Абдукаримова, Джиу-джитсудан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Дархан Нортаевтар болды. Жастарға рухани демалыс, мәдени танымдарын өсіру мақсатында елімізге белгілі Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрымен онкүндік өткізіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ерлан Біләл, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, танымал кино және театр актрисалары Данагүл Темірсұлтанова, Шынар Жанысбекова, Шынар Асқарова, сондай-ақ таланытты Зарина Кармен, Ажарлым Мағзұм және тағы басқа актерлармен сұхбаттар өтті.
Пандемия басталған тұста, біздің орталық онлайн және офлайн түрде де жұмыс істеді. Карантинде орталық қызметкерлері мен кәмілеттік жасқа толған волентер жастар бірігіп Түркістан қалалық полиция басқармасы қызметкерлеріне, Түркістан қаласындағы пост-бекеттердегі жауапты мамандарға және тұрғындарға қосымша медициналық бетперделер мен қолғаптар, сондай-ақ антисептикалық сұйықтықтар таратып, сақтану шаралары туралы түсіндірме парақшаларын таратып қолдау көрсетті.
Сондай-ақ «Birgemiz: Asyl Mura» бағытындағы волонтерларымыз облысымыздағы тарихы мекендерді реставрациялау жұмыстарына атсалысты. Карантинде тарихы-мәдени орындардың жабық болғаны белгілі. Волонтерлар сол жерді қалпына келтіруге және тазалық жұмыстарын жүргізуге көмектесті.
Жастардың тек бір бағытта емес, түрлі салада дамуы үшін білім, спорт және мәдени шараларды қамтыдық.
– Облыстағы жастарға жалдамалы баспана беру бойынша қандай жұмыс атқарылды?
– Орталығымыз бен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында меморандум жасалып жатыр. Мұндағы мақсатымыз — жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламаларын жетілдіру және ыңғайландыру. Осы бағытта 16 аудан-қаладағы Жастар ресурстық орталық мамандарын оқытып, жастарға кеңес бере алады.
— Жыл басынан бері қанша жас жұмыспен қамтылды?
— 2020 жылы Түркістан облысы бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 95 721 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 58 644 адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан болса, оның ішінде 22 581-ін жастар құрайды.
Қазіргі таңда, облыста 6 500 адамды жастар практикасымен қамту жоспарланып, бүгінге дейін 5 728 жас жұмыспен қамтылған. Соның ішінде Түркістан қаласы бойынша 482 жас жастар практикасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 28 496 адам жіберу жоспарланса, нақты 18 770 адам жолданды. 6 334 адам жастар санатына жатады. 2020 жылдың ІI тоқсанына: жұмыссыздық деңгейі 5,1% пайызды көрсетсе, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9% құрады. 2020 жылы жастардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында, Түркістан облыстық жастар орталығы 70-тен астам жасты 3 айлық қоғамдық жұмыстармен қамтыса, бүгінгі таңда, 20-ға жуық жас қоғамдық жұмыстар мен жастар практикасы аясында жұмыс істеп жатыр.
– Орталық тарапынан осы жылы қандай жаңа жобалар жүзеге асты?
– Түркістан облыстық «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар» басқармасымен меморандум жасалып, нәтижесінде осы жоба аясында 16 аудан-қаладағы 200 жас жұмыспен қамтылды.
Карантин режимі жеңілдетілген шақта жастарға арналған «Саттар Ерубаев атындағы шығармашыл жастар байқауын» өткіздік. Онда 14 пен 28 жас аралығындағы дарынды жастар «Жас қолөнер шебері», «Жас көркемсөз оқу шебері», «Жас мүсінші», «Жас әнші», «Жас дизайнер», «Жас айтыскер ақын», «Жас ғалым», «Жас спортшы» сынды 8 номинация бойынша өзара сайысқа түсті. Оның ішінде «Жас көркемсөз оқу шебері», «Жас әнші» және «Жас айтыскер ақын» номинациялары бойынша сайыстар офлайн, қалғандары онлайн түрде өткізілді. Қатысушыларды әр наминация бойынша елге белгілі адамдар саралап, жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді.
Одан кейін ауыл шаруашылығын жастар арасында дәріптеу, жастардың еңбек қабілеттілігін арттырып, баулу, ауыл жастарының ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік белсенділігін арттыру мақсатында «Мал мен егін – көл-көсір өнім» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Онда облыстағы белсенді, өнерлі волонтерлар алма және мақта теру, қой қырқу, картоп қазу секілді секілді тапсырмалармен сыналды.
– Қазір жастар үйінде отыр, оларды күйзелістен сақтандыру үшін не істеп жатсыздар? Мәселен онлайн үйірмелер ашылып жатыр ма?
– Әрине, пандемия кезінде ҰБТ-ға дайындайтын мұғалімдерді жұмылдырып, онлайн сабақтар өткізілді. Сондай-ақ тіл үйрету, математика, логика бағытында онлайн курстар ашылды. Мысалы, 500 жуық балаларға ағылшын тілі оқытылды.
Сондай-ақ еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әлеуметтік желіде бір терезе қағидасы бойынша жастар мен отбасылар арасында келеңсіз жағдайларды алдын алу мақсатында бір қатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, қала Жастар ресурстық орталығының 29 психолог мамандарына арнайы біліктілігін аттыру бойынша онлайн вебинар өткізілді. «Бақытты отбасы» жобасы аясында онлайн негізде 915 психологиялық кеңес, 580 әлеуметтік кеңес, 915 құқықтық кеңес берілді. Сондай-ақ, «Неке және жарасымды жанұя», «Отбасы – алтын тұғырың», «Құт дарыған отбасы» тақырыбтарында психо-профилактикалық жұмыстар жұргізіліп, 11174 отбасы қамтылды. Whatsapp желісінде сұраныс бойынша 51 жасқа онлайн психологиялық көмек көрсетілді.
Осыған қоса, келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардан зардап шеккен жастарға психологиялық көмек көрсету және алдын алу мақсатында тәжірибелі психолог мамакндардың қатысуымен 16 аудан-қалаларда «Көркем ниетті қоғам–өркениетті ел» семинар-тренингін өткіздік.
– Үйде отырған жастар арасында қандай мәселелер көп кездеседі?
– Аудан, қала бойынша жалпы секторға мұң-мұқтажымен шағымданып 755 азамат келген. Соның ішінде: COVІD-19 коронавирус індетіне карантин жариялануына байланысты, 251 азаматқа қашықтықтан көмек көрсетілді. Ал, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 196 әйел және 308 балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
– Алдағы жоспарлармен бөлісіп өтсеңіз?
– Қазіргі кездегі басты жоспар – жастар белсенділігін арттыру, олардың даму деңгейін көтеру. Осы негізде облысымыздағы NEET жастармен жұмыс жүргізу шаралары күшейтілді. Аудан-қаладағы жастармен жиі кездесулер ұйымдастырылып, арнайы жобалар қолға алынып жатыр.
Оған қоса, спорт және денсаулықты сақтау бағытындағы арнайы жобаларымызды іске асырып жатырмыз.
Сұхбаттасқан — Жанерке ХУМАР