Еліміздегі ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында мәлімдеді. Президент осылайша жұрттың көкейінде жүрген күдікті сейілтті.
Бүгін Президенттің қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтті. Онда биылғы Жолдауда қаралған ішкі миграциядан бастап, сайлау, жоғары оқу орындарының жайы, елдегі түрлі коммуналдық проблемалардан бастап балалаларды қорғау тақырыбына дейін талқы таразысына түсті. Алда ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Президент мұның науқаншылдыққа айналып кетпеуі керектігін ескертті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Ауыл әкімдерін сайлау ары қарай дамуы керек. Алайда оны жүзеге асырамыз деп асығыстық, науқаншылдық танытпау керек. Қазақстанның саяси транформациясы – бір сәттік, популистік акция емес. Бұл реформа – мағынасы жағынан стратегиялық сипатқа ие. Себебі ол Қазақстанның демократиялық және өркениетті мемлекет ретінде ары қарай дамуына бағытталған шаруа. Қазақстанның модернизациясы – жастардың мүддесін қорғауды мақсат тұтады».
Ел ішінде ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары жекеменшікке сатылуы мүмкін деген қауесет бар. Президент бүгін жұрттың көкейінде жүрген осы күдікті сейілтті.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Менің тапсырмама сәйкес, жоғары оқу орындарының құрылымын өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ, бірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдігін айтуда. Осыған орай мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін».
Түркістан облысы мен Шымкенттегі шешімін күткен мәселелер бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жетті. Күнгейдегі әлеуметтік, коммуналдық проблемалар ортаға салынды. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді кеңес мүшесі Айгүл Орынбек әшкереледі. Жергілікті әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық әрі тәртіптік кеңестердің, комиссиялардың, ұйымдардың қызметіне көңілі толмаған қоғам белсендісі Шымкенттегі ипподром жайына да Президент назарын аударды.
Еңбек миграциясы тақырыбы бүгінгі кеңесте тағы да көтерілді. Президент бұл ретте Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұдай былай оңтүстіктен солтүстік өңірге көшетіндерге берілетін жәрдемақы 2 есеге артатын болды.
Мақпал Рысбаева