Шымкент: Қоймада коронавирусқа қарсы дәрінің 37 түрі бар

147

Шымкентте дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. «СК-Фармация» қызметкерлері осылай деп отыр. Сөздерінше қала қоймасында коронавирусқа қарсы препараттың 37 түрі бар.

Мамандар дәрі-дәрмектің шетелден көмек ретінде жеткізіліп жатқанын да мәлімдеді. Атап айтсақ, көмек қораптары Түркия, Ресей және Қытай елдерінен әкелінген.

Пандемия басталғалы Шымкенттің медицина орталықтарына 776 млн. теңгенің дәрі-дәрмегі таратылды. Осылай деген «СК-Фармация» өкілдері қала қоймасында тағы 492 млн. теңгенің дәрілік препараттары тұрғанын айтады. Бірақ, қоймадағы дәрінің барлығы да үшінші мегаполиске тиесілі емес екен.

Ұлжан НҰҒМАНОВА, «СК-Фармация» ЖШС Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы: «Бұл қаладағы ең үлкен дәрі қоймасы. Мұндағы препараттар екі айдан үш айға дейін сақталады. Қоймада оңтүстік өңірлерін қамтитын дәрі-дәрмектер сақталған. Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары».

Қаладағы ең үлкен дәрі қоймасымен танысуға бұл жолы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары келді. Орталыққа осымен 10-шы рет ат басын бұрған олар ешқандай кемшілік таппағанын айтады. Десе де заңды белшеден басу фактілері дәріханада болатынын жеткізді.

Жауаптылар сөзінше, қоймадағы дәрі-дәрмек қоры келуі мүмкін деген коронавирустың екінші толқынына жеткілікті. Тізім бойынша қауіпті індетке қарсы 44 препарат болса, оның 37-сі дәл осы қоймада сақтаулы тұр.

Назерке Үкібасова