Елімізде дәрі-дәрмек бағасы айтарлықтай қымбаттады. Соңғы бір жылда фармацевтикалық өнімдер орта есеппен 14 пайызға өскен. Кей өңірлерде бұл көрсеткіш бұдан да жоғары. Ең үлкен баға өсімі Шымкент қаласында тіркеліпті – мұнда дәрі-дәрмек шамамен 20 пайызға қымбаттаған. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы – жылдық өсім 18,3 пайыз. Қарағанды мен Жетісу облыстарында баға 17–18 пайызға артқан.
Ал ең төменгі өсім Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Ұлытау өңірінде байқалады – шамамен 5–8 пайыз. Бағаның бұлай өсу себептері мен алдағы тенденцияларды тілшіміз зерттеп көрді.
Ең көп қымбаттаған – әлеуметтік маңызы бар және жиі қолданылатын дәрі-дәрмектер. Мәселен, белсендірілген көмір мен дене қызуын түсіретін препараттардың бағасы шамамен 1,5 пайызға өскен. Ал этил спирті 12 пайызға, 5 пайыздық йод ерітіндісі 9 пайызға қымбаттаған.
Сарапшылар мұның басты себебі – Қазақстанға дәрі-дәрмек жеткізудің қиындығы мен қымбаттауында дейді. Жоғары кедендік баждар мен ұзақ тіркеу мерзімдері көптеген ірі компанияларды елге өнім әкелуден бас тартуға мәжбүрлеген. Ал басқа елдерде дәрі-дәрмектің таңдауы әлдеқайда кең, бұл тұтынушыларға қажетті балама препараттарды қолдануға мүмкіндік береді.
РАУШАН ӘБУБӘКІРОВА, ТӘУЕЛСІЗ ДӘРІХАНАЛАР АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бұл мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Бұл туралы біздің ассоциация да бірнеше рет айтқан. Қажетті дәрі-дәрмекті халыққа қолжетімді ету үшін, ең алдымен, олардың елге кіруін жеңілдету керек. Шекарадан өту кезеңдерін қысқартып, мемлекеттік баж салығын төмендету қажет. Сонда шетелдік компаниялар дәрілерін әкелуге мүдделі болады, ал елде қажетті препараттардың тапшылығы туындамайды».
Сонымен қатар, бағаға дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалау жүйесі де әсер еткен. Өндірушілер дәрілерді таңбаласа, жеткізушілер мен дәріханалар әр кезеңде олардың қозғалысын бақылауға міндетті. Бұл қосымша қызметкерлерді жалдауды қажет етеді.
Осы уақытта отандық фармкомпаниялар өндіріс көлемін арттырып жатыр. Өткен жылы жергілікті дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі 174 миллиард теңгеден асқан. Алайда жаңа препаратты нарыққа шығару оңай емес. Алғашқы партия бес жылға дейін «тоқтатылып» қалуы мүмкін. Себебі ол арнайы мақұлдаудан өтіп, пациенттердің шағымдары тексеріледі.
РАУШАН ӘБУБӘКІРОВА, ТӘУЕЛСІЗ ДӘРІХАНАЛАР АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Егер препаратқа қатысты шағым болмаса, бәрі жақсы, ол қолдануға жарамды деген сөз. Алайда өндірісті толық көлемде тек алты жылдан кейін ғана жалғастыра аласыз. Бір жағынан мемлекет «фармацевтикалық өндірісті қолдаймыз, субсидия береміз» дейді, ал екінші жағынан осындай кедергілер қояды. Бұл жағдай жемқорлық тәуекелдерін де арттырады».
Қоғам белсенділерінің айтуынша, қазіргі таңда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі тұрақсыз. Бұл мәселе әрі МӘМС шеңберінде, әрі дәріханаларда байқалады. Кейде халық жиі қолданатын дәрілерді ұзақ уақыт табу мүмкін болмай қалады. Әсіресе созылмалы аурумен ауыратын науқастар үшін бұл – үлкен қиындық.
ҚАЙЫРҒАЛИ КӨНЕЕВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Бұрын науқастар дәрі-дәрмекті емханаға бармай-ақ сатып ала беретін. Қазір көпшілік препараттарды МӘМС арқылы алуға мәжбүр. Алайда міндетті медициналық сақтандыру аясында да дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде тұрақсыздық байқалып отыр».
Медициналық препараттарға қосылған құн салығының енгізілуі жағдайды одан әрі қиындатты. Енді дәріханалар қосымша есепшілерді жалдауға мәжбүр. Сарапшылардың айтуынша, дәрі-дәрмектің бағасы ҚҚС мөлшерінен де жоғары өсуі мүмкін. Ал алғашқы елеулі баға қымбаттауы жылдың екінші жартысында күтіліп отыр.
Ботакөз Ануар






