Шаһар басшысы Рашид Аюпов «Тамыз конференциясы» кезінде 100-ге жуық қызмет етіп жүрген мұғалім, дәрігерлердің шетелде тегін оқуына мүмкіндік болатынын айтқан болатын. Дегенмен, қанша азамат баратыны өтінім тапсыру және тест нәтижесі бойынша белгілі болады.
Осы мақсатта, шетелде білім алуға арналған тесттің алғашқы кезеңі өтіп, оған өтінім білдірген 40-қа жуық азамат қатысты. Алғашқы кезең, яғни қазақ тілі бойынша өткен тест нәтижесі апта ішінде белгілі болады. Сүрінбей өткендер құжаттарын дайындап, bolashak.gov.kz сайты арқылы психологиялық тест пен онлайн тілдесу кезеңдерінен өтеді. Жалпы, соңғы нәтиже қараша айының соңында белгілі болады деп жоспарланған.
Мұғалімдер Ұлыбританияның Лестер университетіне 4 айға оқуға барса (ielts 5.0), медицина өкілдері Израильге екі топқа бөлініп 3 ай оқуға барады. Айта кетерлігі, оқу ақысы «Болашақ» грантын жеңіп алғандықтан тегін болады. Дәрігерлер 3 ай оқуға екі топқа бөлініп барады. Бірінші топ 10 қаңтар-10 сәуір, екінші топ 15 сәуір-15 шілде аралығында білімін жетілдіреді.