Қазақстанда зейнет жасын ұлғайту жоспарда жоқ

115

Қазақстанда зейнет жасын ұлғайту жоспарда жоқ. Қазақстан Республикасының Премьер-минитрлігі осылай деп мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін «Халықтық коммунистер» фракциясының зейнет жасын төмендету ұсынылған депутаттық сауалына берілген жауапта 2018 жылы күшіне енген қолданыстағы зейнетақымен қамту жүйесіне түсіндірме берілген. Бұл ретте еңбек нарығында қалыптасып отырған әлемдік трендтер, сондай-ақ түрлі елдердегі демографиялық үрдістер мысал ретінде келтірілді. Бірақ осыдан кейін үкіметтің баспасөз қызметі тағы да пікір білдірді.

ҚР Премьер-Министрлігінің баспасөз қызметі: «Премьер-Министрдің берген жауабында ҚР-да зейнет жасын одан әрі арттыру туралы ештеңе айтылмаған, себебі мұндай мәселе бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған жоқ. Осылайша, ҚР-да зейнет жасын арттыру көзделгені туралы кейбір БАҚ-та таралған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді».

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанда ерлер үшін зейнет жасы – 63, ал әйелдер үшін – 59 жас. Әйелдер үшін зейнеткерлік жас 2027 жылға дейін 10 жыл ішінде жыл сайын 6 айдан артады.

Назерке Үкібасова