Түркістан қаласында туризм саласын дамыту мақсатында бірқатар жобалардың жоспары дайындалып, қазірде жоспарланған жұмыстардың бірқатары қарқын алған.
⠀
Сондай жобалардың бірегейі — Күлтөбе археологиялық саябағы. Жоба атауы «Күлтөбе қалажұртының тарихи орындарын қалпына келтіру».
⠀
Жалпы ауданы — 27 га аумақты құрайтын тарихи қалашықтың өскелең ұрпаққа — қазақ тарихындағы руханият пен қала мәдениетін дәріптеуде берері мол бірегей жоба болмақ. Қалашықтың барлық алаңы әрқайсысы 9 гектардан 3 учаскеге бөлінген. Қазба жұмыстары Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғалатын аймағында жасалуда.
⠀
Тарихи саябақтың қамбасында қаңлы дәуірінен бастап, ерте орта ғасырлық Түркі дәуірі (VII- IX), Орта ғасырлық X-XIII кезеңі және Қазақ Хандығы кезеңдеріндегі (XVI- XIX) қала тұрғындарының материалдық және экономикалық бейнесі көрініс тапқан.
⠀
Саябақтың археологиялық ғылыми — зерттеу жұмыстары халықаралық деңгейде және ЮНЕСКО-ның маңызды қағидаттары сақтала отырып жүзеге асуда. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен негізгі демеушісі болып есептелетін Eurasian Resources Group (ERG) өнеркәсіптік компаниясы мен «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС-ның өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде қолға алынған.
⠀
Қазіргі уақытқа дейінгі қазба жұмыстарының нәтижесін келушілерге тегін тамашалауға болады. Жалпы, Күлтөбе қазба жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған.