Шымкент: Кинотеатрлар қашан ашылады?

194

Еркебұлан РАХМЕТ, кинотеатр директоры: «Егер эпидахуал бізге ондай мүмкіншілік бермейтін болса, біз оны сұрамас едік. Бізде алдыңғы күні ғана қала әкімі айтып кетті өзі «Отырар» телеарнасынан қателеспесем, эпид жағдай бізде тұрақты, барлығы жақсы деп. Көптеген 7-8 қалада қазір ашылып жұмыс бастап отыр».

8 айдан бері көрермен қабылдауды тоқтатқан Шымкенттегі кинотеатрларға қатысты кәсіпкерлер бүгін СЭС өкілдеріне өз базынасын жеткізді. Сөздерінше, бүгінде бұл саланың 40 пайыз қызметкері жұмыстан кеткен. Енді қалған мамандарды сақтап қалу керек деген бизнесмендер қаланың санитарлық дәрігерлерінен рұқсат сұрап отыр.

Ал сала мамандары болса, тексеру нәтижесінде қала бойынша тек бір ғана кинотетрдың карантин талабына сай келгенін айтады. Ал, өзге кино орталықтарында желдеткіш жұмысының ақауы салдарынан зал ішінде жағымсыз иіс шыға бастаған. Бұл тексерістен кейінгі анықталған бірқатар кемшіліктің бергі жағы ғана екен.

Жұмабек ЕРЖАНОВ, Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрін бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Біз тексерген 4 кинотетрда ішінде залдар көп қой енді оның. Бірақ, 4 кинотеатр көрдік. Соның ішінде «Шымкент плазадан» басқасы барлығында санитарлық ережелердің бұзушылықтары орын алып отыр. Істемеген күннің өзінде санитарлық ережеге сай емес. Мысалы, ауа ауысымы мәз емес».

Санитарлық талапқа сай келмеген ескертпелерге қатысты кәсіпкерлердің өз пайымы бар. Сөздерінше, жағымсыз иіс сауда орталығына ешкімнің келмей, 8 ай бойы бір қалыпта тұруынан шыққан. Аталмыш кемшілікті көп ұзамай жоямыз деген бизнесмендер мамандардың тағы да тексеріс жүргізуін сұрап отыр.

Нұрдәулет АБДУСАТТАРОВ, кәсіпкер: «Санитарлық нысандар ішін яғни, әжетхана жақтан жағымсыз иіс болды деп табылды. 8 ай бойы істемей тұрған санитарлық жүйе болғаннан кейін ауа ауысым системасы істеп тұр. Бірақ, сол кезде 8 айдан бері өшіріліп тұрған себебінен болған. Одан кейін өздеріңіз білесіздер су құбырлары жұмыс істемесе, ішінен міндетті түрде бәрібір бір иіс пайда болады».

Сонымен ұзаққа созылған пікірталастан ешқандай да нақты шешім шыққан жоқ. Санитарлық дәрігерлер кәсіпкерлерге екі апта мерзім берді. Осы мерзім ішінде анықталған кемшіліктер реттелсе, қаладағы кинотеатрлар жұмысына рұқсат берілмек. Айта кетейік, Шымкентте карантин режимі 7 желтоқсанға дейін ұзартылды.

                                                                                       Назерке Үкібасова