Шымкент Қазақстандағы ауасы ластанған қалалар қатарында. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында экология министрі мәлімдеді.
Мағзұм Мырзағалиев үшінші мегаполистен бөлек, тағы 9 қаланың ауасы сын көтермейтінін айтады. Бәріне, зауыт, көлік және үйден шыққан түтін кінәлі екен. Осылай деген ведомства басшысы қоршаған орта ауасының ластануына тұрмыстық қалдықтардың да әсері орасан дейді.
Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «10 қалада атмосфераның ластану индексі жоғары деңгейден орташа деңгейге төмендетуге, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін ағымдағы 15 пайыздан 30 пайызға дейін жеткізуге, 24 жаңа полигондарды салу және толып кеткен 5 полигондарды қалпына келтіруге және жоюға, ежелден ластанған жерлерді қалпына келтіруге және жоюға, 7 жаңа кәріздік тазарту кешендерін салу».
Экологияны тазарту жоспарын Үкімет басшысы алдында айтқан министр Мырзағалиев әкімдер құлағына да алтын сырға тақты. Сөзінше, табиғат тазалығына аймақ басшылары да атсалысу керек. Және тоқсан сайын халықпен кездесіп, экология мәселесін түсіндіруді сұрады.
Бұдан бөлек, министр алдағы жылы ауасы ластанған 6 қалада қоқысты өңдейтін зауыт құрылысы басталатынын айтады. Аталған қалалар ішінде Шымкент те бар. Жаңадан салынатын зауыттарда энергия қуаты шығарылмақ.
Үкімет отырысында елдегі көгілдір отын мәселесі де қозғалды. Айта кетейік, бүгінде қазақстандықтардың тек 53 пайызы ғана табиғи газға қол жеткізген. Отырыста сөз сөйлеген Түркістан облысының әкімі газ мәселесін шешуге қосымша қаржы керек деп отыр.
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Келесі жылға энергетика министрлігімен бірге бюджеттік өтінім ұсынылды. 7 нысанның газдандыруы қарастырылған. 4,3 млрд-қа тағы да 52 нысанды жасауға дайынбыз. Құрылыстарды бастауға тағы да қаржы керек болады. Оған қосымша өтінім жасаймыз».
Елімізде соңғы 5 жыл ішінде табиғи газға қол жеткізген халық саны 35 пайызға өскен. Осылай деген Энергетика министрі 2025 жылға дейін көгілдір отынмен қамтылған Қазақстан тұрғындарының саны 11 млн-нан асатынын айтады. Ал бүгінгі олардың саны 9 млн-нан астам екен.
Назерке Үкібасова