Түркістан: Келесі жылы халықаралық театр фестивалі өтеді

332

Түркістан қаласында келесі жылы халықаралық театр фестивалі өтеді. Осылай деген аймақтың мәдениет басқармасының басшысы биыл атқарылған жұмыстарды баяндады.

Солардың бірі аты аңызға айналған композитор Шәмші Қалдаяқов музейінің ашылуы. Мұражай сазгердің 90 жылдық мерейтойына орай өзі тұрған үйінде орналасқан.

Әзімхан ҚОЙЛЫБАЕВ, Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы: «Биыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына орай Түркістан қаласында жаңадан салынған облыстық драма театр мекемесінің алдына Әбу Насыр Әл-Фарабидің, ал «Оқушылар сарайы» мекемесінің алдына Абай Құнанбайұлының ескерткіштері орнатылды. Сонымен қатар, соңғы 9 айда облыстағы 24 музейде 2000-нан аса онлайн іс-шара ұйымдастырылып, 3369 дана жаңа экспонат жинақталды. Нәтижесінде облыстағы музейлердің жалпы қоры 173 986 данаға жетіп отыр».

Соңғы екі жылда түрленіп келе жатқан Түркістан қаласының мәдени жаңалықтары мұнымен бітпейді. Кейінгі жылдары Мәдени-рухани астанада Қазақ драма театры, «Ясауи» музейі, «Ұлы дала елі» мен «Қабылдау» орталығы, Конгресс-холл, Амфитеатр сынды ғимараттар бой көтерді. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 678 мәдениет және өнер мекемесі жұмыс істейді.

Назерке Үкібасова