Шымкент қаласында жыл басынан бері 16 мыңнан астам азамат еліміздің түрлі шипажайларында емделді. Оның ішінде 11 516 жолдама зейнет жасындағы азаматтарға, 4 994 жолдама мүгедек жандарға берілді.
Шипажайлардағы ем-дом жұмыстары мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылды. Ол үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тұрғылықты мекенжайы бойынша өтінім қалдыру керек. Жолдама кезек бойынша таратылады.
Қалада кезекте тұрған азаматтарға жолдама шілде айынан үлестіріле бастады. Шипажайларда емделушілер медициналық ем-домнан бөлек, табиғат аясында демалу мүмкіндігі де қарастырылған.
Қалада мүгедек азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы жабдықталған 18 «Инвотакси» көлігі ақысыз қызмет көрсетіп келеді. Осы жылы зағип жандарды тасымалдауға 451 өтінім келіп түскен. Ал Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп-тұруы қиын І-ІІ топтағы мүгедектердің емдеу мекемелері мен қоғамдық орындарға жеткізу үшін «Әлеуметтік такси» қызметіне 43 автокөлік қарастырылған. Биыл бұл қызметке 400-ден астам азаматтан өтінім түскен.