Елімізде порнографиялық желілерді толықтай жою мүмкін болмай тұр. Осылай деп дабыл қаққан ел полицейлері ата-аналарды абай болуға шақырады. Себебі білімді онлайн алып жүрген оқушылар түрлі сайтқа кіруді әдетке айналдырған.
Олардың арасында баланы суицидке итермелейтін интернет көздері де бар екен. Қала берді педофилдер де жымысқы ойын енді онлайн түрде іске асыруға көшкен дейді пагондылар.
Бір жылға жетпей Қазақстанда 2000 порнаграфиялық сайт анықталған. Құзырлы орган өкілдері олардың тек 1500-і бұғатталғанын айтып дабыл қағып отыр. Ал, қалғанына әлі күнге дейін тыйым болмай тұр екен. Осылай деген ел полицейлері ата-аналарды сақ болуға шақырады. Себебі онлайн оқу басталғалы балалар да түрлі сайтқа кіруді әдетке айналдырған. Салдарынан суицидтің де қаупі сейілмей тұр.
Ерекеш УАЙС, ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмыспен күрес орталығының бастығы: «Қашықтан оқыту кезінде интернет бақылаусыз пайдалануға мүмкіндік туғанда ерекше алаңдаушылық тудырады. Мысалы, жаз кезінде Арыс қаласының тұрғыны интернет желісінде суицид сипаттағы топ ұйымдастырғаны үшін анықталып ұсталды. Қазір қылмыстық іс тергелуде».
Елде жасөспірімдер арасындағы суицид те тыйылмай тұр. Балалар әсіресе ата-анасымен керісіп, не жалғызсырап немесе мектептегілермен жанжалдасып өздеріне қол салатын көрінеді. Десе де биыл сұмдық статистика 16 пайызға төмендепті.
Алайда, педофилдер азғындығы азаймай тұр. Балалар өміріне қол салу биыл 4 пайызға көбейген. Мамандар сөзінше педофилдер енді кішкентайларға онлайн түрде тиісе бастаған.
Ерекеш УАЙС, ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмыспен күрес орталығының бастығы: «Ақтау қаласының тұрғыны ұсталды. Ол 13 жастағы кәмелетке толмаған қыз баламен әлеуметтік желі арқылы танысып, интимдік фотоларды өзіне лақтыруға мәжбүр еткен».
Тәртіп сақшыларының сөзінше балаларға жау алыстан келмейді. Арам ойын іске асыратын азғындар көбіне туыстары мен көршілері екен. Айта кетейік, жыл басынан бері мұндай 821 жағдай анықталған. Ал, ел бойынша 1800 педофил темір торда жазасын өтеп отыр.
Назерке Үкібасова