Қазақстанда 2017 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізілген.
Бұған дейін азаматтардың өз денсаулығын сақтандыруы ерікті түрде жүзеге асырылып келген болатын.
МӘМС аясында азаматтарға медициналық көмек әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (Қор) активі арқылы көрсетіледі.
Әлеуметтік әлсіз санаттар үшін Қорға жарна мемлекет тарапынан аударылады, жұмыс берушілер – жұмысшыларға, ал жұмысшылар мен өз бетімен қамтылған азаматтар – өздеріне төлейді.
* Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін:
2020 жылы – әр қызметкердің табысынан 2%;
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – әр қызметкердің табысынан 3% төлейді.
* Өз бетімен қамтылған азаматтар 2020 жылы ең төменгі жалақының 1 пайызы, 2021 жылы – ең төменгі жалақының 5 пайызы, 2022 жылы ең төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде жарна аударады.
Әлеуметтік әлсіз саналатын 15 санат үшін Қорға жарнаны мемлекет аударады. Олардың бірі – ерекше балалардың ата-анасы.
1. Мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналары мына адамдар:
… 6) мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар
…үшін ҚР бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.
(ҚР «МӘМС туралы» Заңының 26-бабы)
Жұмыс істемейтін ата-аналар e-gov.kz порталы немесе ХҚО арқылы өз мәртебесін тексере алады. Егер өзіңізді жеңілдігі бар азаматтар тізімінен таппасаңыз, онда растайтын құжаттардың қажетті тізбесін Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру қажет.
Әрі қарай бұл мәліметтер Сіздің жеңілдігі бар азаматтар тізіміне енгізілгеніңізді растау үшін мемлекеттік органдарға жөнелтіледі. Егер бәрі дұрыс болса Сіз үшін жарнаны мемлекет төлейді.
(Дереккөз: www.fms.kz)
Егер сіз жеңілдігі бар азаматтар тізімінде болсаңыз, МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтерді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана аласыз. Сонымен қоса емхана мен салалық мамандарды өз еркіңізбен таңдай аласыз.
Нұрлан Бектаев,
«Тұлға.kz» жобасы
«Оңтүстік Рабат», №49-50, 3 желтоқсан 2020 ж