Несие шығарып беремін деп алдаған күдікті әйел ұсталды

106

Ордабасы АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші азаматшаның айтуынша танысы әлеуметтік желі арқылы жазып, өзін бүркеншік атпен таныстырған.

Содан соң мемлекет тарапынан 550 мың теңге несие шығарып беремін деп 50 мың теңге ақшасын алаяқтық жолмен алғанын көрсеткен. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Орын алған алаяқтық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәулік ішінде осы қылмысқа күдікті әйел анықталып, ұсталды. Ол бұрын алаяқтық бойынша сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті алаяқтық жолмен алынған ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.

Тергеу барысында анықталғандай күдікті, бұдан бөлек екі тұрғынның да алаяқтық жолмен ақшаларын алғаны анықталды.

Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және басқа да ақпаратты бермеңіз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.