Шымкентте бірқатар қоғамдық автобустардың бағыты өзгерді

257

Шымкентке жеткізілген су жаңа 590 автобустың 150-і шаһар аумағындағы бағыттарға шығып, қызмет көрсетіп жатқанына бүгін екінші күн. Тағы бір жаңалық желтоқсан айынан бастап бірқатар қоғамдық көлік бағыттарының қозғалыс сызбалары өзгертілді.

Шымкентте аялдамаларда қоғамдық көлік күткен жолаушылар №74, 135 бағыттар бойынша жаңа автобустар қатынай бастағанын бірден байқаған. Алайда олардың енді басқа көшелермен жүретінінен көбі бейхабар. Жауаптылар қаладағы жолаушылар көлігін дамыту кешенді кестесіне сәйкес, мегаполисте қатынайтын қоғамдық көлік бағыттарының қозғалыс сызбалары оңтайландырылғанын айтады.

Наурыз СҮГІРӘЛИЕВ, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының  бөлім басшысы: «Жаңа 590 автобустардың сыйымдылығы үлкен, «Шымкент» ӘКК жобасы аясында жеткізілген автобустар бірінші кезеңде  8 бағыт бойынша 92,35, 135, 74,12, 84, 103, 27 бағыттарда қатынайды. Бірқатарында қозғалыс сызбалары өзгерді».

Айтпақшы, №27-ші бағыттағы автобустар желтоқсанның 1-інен бастап халық саны жылдан жылға артып келе жатқан «Нұрсәт» шағынауданына қатынап жатыр. Жаңа бағытттардың қозғалыс сызбасы жолаушылардың аялдамаларда ұзақ тұрмай, діттеген жеріне тез жетуіне сәйкес жасалған. Мәселен, №135 бағыттағы жаңа автобустың да қозғалысында өзгеріс бар.
«Екінші күн болды осы жаңа маршрутпен жүріп жатырмыз. Адамдар үйренбей, ескертудеміз. Қазір Ғ.Іляевпен жүріп, №9-шы мектептің жанынан Қазыбек бимен жүріп Урицкийге барамыз» дейді  №135 бағыттағы автобустың жүргізушісі Исамиддин ТӘШІМОВ.

Қалалықтар жаңа автобустардың мүмкіндіктерін байқап оң бағасын беруде. Ыңғайлы орындықтар, салонның сыйымдылығы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арбасымен жайғасуы жолаушылардың еш қиындықсыз қатынауына барлық жағдай жасалғанын атап өтуде.
Серік Ажығалиев, қала тұрғыны: «Самал-3 шағынауданында тұрамын, бірінші рет жаңа автобусқа отырдым, жазда әсіресе,  желдеткіш жұмыс істейді. Барлығы жақсы».

Айта кететін жәйт, Шымкенттің іргесіндегі шалғайдағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарына қатынайтын әлеуметтік бағыттардың да қозғалыс сызбасы кезеңімен оңтайландырылмақ. Ұзақ бағыттар біршама қысқартылып, қозғалыс қашықтығы жиілендіріледі.

Бүгінде Шымкентте 20 көлік компаниясы қаладағы 74 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетуде. Жолаушыларды тасымалдауды дамытудың 2018-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы аясында қоғамдық көлік паркі жылдан жылға жаңаруы қуантарлық жәйт,- дейді тұрғындар.