Шымкенттіктердің қоғамдық көлікке айтар шағымы жоқ. Ескі-құсқыдан арылып, автобустардың бәрі де жаңаланған. Төлем жүйесі де тиімді. Қазіргі уақытта жолақы ересектер үшін – 70 теңге, студенттер үшін – 50 теңге. Баға да қалтаға қонымды. Алайда жаңа жылдан бастап жолақысы қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов айтты.
«Бұл жоспарда бар. Жолақы құны шамамен 120 теңге болады. Алайда, бірінші тоқсанда жолақы бағасы қымбаттамайды», – деді басқарма басшысы.
Шымкент қоғамдық көлік тарифтерін қайта қарауды жоспарлап отыр. Билік бұл мәселені 2023 жылдың қараша айынан бері талқылап келеді.
Бұған дейін, 2025 жылдың қыркүйегінде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен кездесуде бұл туралы айтып, қазіргі жеңілдіктер сақталатынына уәде берген болатын: зейнеткерлер мен мектеп оқушылары қоғамдық көлікті тегін пайдалана береді.







