СІМ Ресей депутаттарының сандырағына жауап берді

215

Бүгін өткен Мәжіліс отырысында зейнеткерлер мен өлім жазасы жайлы заң жобалары мақұлданды. Енді зейнеткерлер өз салымдарын мерзімінен бұрын ала алады. Бұдан бөлек, өлім жазасы енді тек соғыс кезінде берілетін болды. Еске салайық, Елбасы өлім жазасына 2003 жылы мараторий жариялаған еді.

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР Сыртқы істер министрі: «Осы халықаралық құжатқа сәйкес қол қоюшы елдер бірінші өлім жазасын қолданбау, екінші өз юридициясы шеңберінде өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Жалғыз ерекшелік соғыс уақытында өлім жазасын қолдану туралы ескертпе болғанда рұқсат етіледі».

Депутаттар алдына келген министрге қойылған сауал аз болған жоқ. Оның ішінде қазақ жері жайлы жырлаған ресейлік депутаттар әңгімесі де бар. Халық қалаулысы Мұрхан Өксікбаев көрші елдегі әріптестеріне қандай шара қолданамыз деп сұрақ қойды.

Мұрхан ӨКСІКБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Біздің Ресейдегі әріптестеріміз егемендігімізге, шекарамызға, жерімізге көз салатын сөздер айтып отыр. Сыртқы істер министрлігі нотасын да жіберді. Сол нотаға жауап келді ме?».

Алайда, жіберілген нотаға жауап келмепті. Мұның себебін Мұхтар Тілеуберді өзінше түсіндірді. Сөзінше нотаға жауап берілмесе де болады. Тек көрші ел билігі аузына келгенді айтқан депутаттарды сынға алдық деп хабарласқан екен.

Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ, ҚР Сыртқы істер министрі: «Ең бірінші өзім қазақ ретінде, Қазақстан азаматы ретінде бұндай сөздерге намысым келеді. Жоғары білім алғаннан кейін, отан тарихын білгеннен кейін мұндай сөздерге орыс сөздерімен жауап берер едім. Сыртқы істер министрі ретінде бұл Ресейдің ресми ұстанымына сәйкес келмейді».

Осылай деген Сыртқы істер министрі қызбалыққа салынбай, тарихқа көз жүгіртуді ұсынды. Еске салайық, Тәуелсіздік мерекесі алдында ресейлік депутаттар телеарна арқылы шындыққа мүлдем жанаспайтын пікір білдірген болатын. Қазақстан жерінің болмағанын айтқан олардың сандырағы ел азаматтарының шамына тиген еді.

Назерке Үкібасова