Оңтүстік Корея түрмесінде 25 қазақстандық жазасын өтеуде

373

Өткен аптада ғана ант қабылдаған депутаттар Мәжілістің алғашқы отырысында бас қосты. Сөз алған мәжіліс спикері бұл шақырылымның жүгі ауыр екенін айтады. Нұрлан Нығматулиннің сөзінше, 7-шақырылымда халықтың өмір сапасын, денсаулық сақтау, білім салаларын жақсарту көзделген.

Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: «Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сессияның ашылуында депутаттардан сапалы заңдар талап ететінін ерекше атап өтті. Ол заңдар, ең алдымен, халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – жоспарға сәйкес, өз уақытында, халыққа қажетті, пайдалы заңдар қабылдау».

Осыдан кейін депутаттар талқысына жаңа заң жобасы ұсынылды. Еліміздің бас прокурор орынбасары Қазақстан Оңтүстік Кореяда сотталғандарды қайтару керек дейді. Осыған байланысты қаулыны ұсынған ол қазіргі таңда Корея түрмесінде 25 қазақстандықтың жатқанын айтты. Бұдан бөлек, тағы 26 қазақстандық ісі сотқа әлі жетпепті.

Корея түрмесінде жатқан қазақстандықтар арасында есірткі тасып, қасақана адам өлтіріп сотталғандар бар. Егер екі жақты келісім жасалса, олардың туған жер түрмесіне оралуы ғажап емес. Осылай деген Бас прокурор орынбасары бүгінге дейін 32 елмен келісім жасалғанын жеткізді.

Жауаптылар сөзінше қос елдегі жаза өтеу мерзімінде ешқандай айырмашылық жоқ. Айта кетейік, Қазақстан түрмесінде оңтүстіккореялық 1 азамат жазасын өтеп отыр.

Назерке Үкібасова