Қазақстанда борышкерлер 10 пайызға көбейген

99
фото 24.кз

Елімізде несие алушылар қатары артты. Осылай деген министрлер бүгін өткен жылды қорытындылады. Жауаптылар сөзінше 2020 жылы Қазақстанда өнеркәсіп өркендеген. Бірақ, осыған қарамастан республикада азық-түлік бағасы арзандамай тұр. Азық-түлік өнімі 4 пайызға көбейгенімен, қант, май және жұмыртқа бағасы қымбатаған қалпында қалды.

Өткен жылдың соңында елімізде сұйық май, қант және жұмыртқа бағасы күрт қымбаттаған болатын. Азық-түлік құнының қарыштауы әлі де тиылар емес. Мұның себебін бүгін өткен үкімет отырысында министрлер ұлттық банктегі инфляциядан көрді.

Ерболат ДОСАЕВ, ҚР Ұлттық банк төрағасы: «Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне үлкен үлес қосуды жалғастыруда. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі жекелеген тамақ өнімдері нарықтарындағы теңгерімсіздіктердің күшеюі аясында 10,8% – дан 11,3% – ға дейін ұлғайды. Азық-түлік емес инфляция 5,7% – дан 5,5% – ға дейін баяулады».

Есесіне ведомства өкілдері 2020 жылы өнеркәсіптің өркендегенін айтады. Жауаптылар сөзінше былтыр фармацевтика саласы 47 пайызға, азық-түлік өндірісі 4 пайызға, ал машина жасау 16 пайызға өскен. Оның ішінде автомобиль жасау 52 пайызға көбейсе, жеңіл өнеркәсіп 15 пайызға артқанын айтады.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Машина жасау саласы 116,3% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, өзге көлік құралдарын, электр жабдықтарын жасау, машиналар мен жабдықтар өндірісі өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі оң динамикаға пандемия кезеңінде Үкімет қабылдаған қолдау шаралары, шағын және орта бизнестің тұрақты дамуы есебінен қол жеткізілді».

Бұдан бөлек, мінбедегілер экономикасы өскен аймақтарды да атап шықты. Көрсетілген 10 өңір ішінде Түркістан облысы мен Шымкент қаласы да бар. Аталған аймақтар 7 көрсеткіштің 5-уі бойынша жоғары нәтижеге ие болған.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-сұлтан және Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-і бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың өсуін қамтамасыз етті. 4 көрсеткіш бойынша Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматыда оң динамикаға қол жеткізілді».

Өткен жылы елдегі 5 министрлік бюджетті толық иегере алмаған. Осылай деген республиканың бас қаржыгері үкімет отырысында 2020 жылды қорытындылады. Ерұлан Жамаубаев сөзінше Ішкі істер, Білім және ғылым, Төтенше жағдайлар, Әділет және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрліктері бөлінген сомманы толық игермеген. Оның себептері де түрліше дейді Жамаубаев.

Ерұлан ЖАМАУБАЕВ, ҚР Қаржы министрі: «Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы; төлем жөніндегі құжаттардың ұзақ келісуі; орындалған жұмыстар актілерін ұсынбау; нақты көрсетілген қызметтер көлемі, орындалған жұмыстар, сот талқылаулары үшін ақы төлеу».

Осылай деген жауаптылар өткен жылы несие алушылардың да қатары артқанын айтады. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы борышкерлер саны 10 пайызға көбейген. Ұзақмерзімді несие алған борышкерлер 14 трлн. теңге қарыз болса, қысқа мерзімді борышкерлер 2,1 трлн. теңге берешек.

Назерке Үкібасова