Түркістан: Мемлекетке 7 млрд. теңге салық төлеуден жалтарғандар ұсталды

285
фото 24.кз

Мемлекетке 7 миллиард теңгеден астам салық төлеуден жалтарған Түркістан облысының тұрғындары құрықталды. Аймақтағы 2 тұрғын 2017-2019 жылдары аралығында «Фаворит Инвест Строй», «Азия-Tech» және «Таңшолпан-Нұр» ЖШС-ін үшінші тұлғаларға тіркеу арқылы қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырған.

Жалған компанияның атын жамылып, құжат рәсімдеп, тіпті басшылық ете отырып іс жүзінде жұмыстарды орындамай келген. Бұдан бөлек, ешқандай қызмет түрлерін көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей жалған шот-фактура жазып беруді жүзеге асырған.

Бұл деректі Түркістан облысының Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері анықтады. Айыпталушылар контрагент сатып алушылардан белгілі бір мөлшерде сыйақы алған. Осылайша ұйымдарға салынатын салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлемей келген.

Жасұлан Ниеттесов, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі: «Азаматтардың қылмысы ҚР ҚК 28-бабының 2, 3 және 5-б, 216-бабының 3-б., 245-бабы 3-б. сәйкес сараланып, Жетісай аудандық сотының үкімімен азаматтардың бірі 5 жарым жылға, ал екіншісі 3 жылға сотталды».

Нұрлан Сұлтанбек