Жас келіншек жалдамалы пәтерде покер ұйымдастырған

76

Шымкентте 2 бөлмелі пәтерді жалға алып, оны казиноға айналдырған келіншекке сот үкімі шықты. Қаладағы базарлардың бірінде сатушы болып жұмыс істеп келген 31 жастағы келіншек Өзбекстан тумасы екен.

Әйел азаматы покер ойынын ұйымдастырған күні қолға түскен. Ашылған күні жабылған ойынханадан 1418 дана фишка, 5 колода карта мен диллер тастары тәркіленген.

Қалалық Экономикалық тергеу департаментінің жедел тобы казиноға кіріп барған бойда онда диллер ретінде жұмыс істеген қос бойжеткен үстел үстіндегі 300 мың теңгені әжетханаға ағызып үлгеріпті. Операция кезінде пәтер ішінде құмар ойынның қызығына кірген келушілер де болған. Олардан бұл істе тек куәгер ретінде жауап алыныпты.

Сот үкімімен заңсыз ойын ұйымдастырған келіншек бұл әрекеті үшін айыппұл төлейді. Оған екі баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырғаны және бұрын-соңды сотты болмағаны үшін осындай жеңіл жаза беріліпті.

Қанат МЫЛТЫҚБАЕВ, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының судьясы: «Сот үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған аталған кодекске сәйкес 200 Айлық есептік көрсеткіш, бұл жерде 505 мың теңге айыппұл салу жазасы тағайындалған».

Нұрлан Сұлтанбек