Шымкентте 25 қаңтардан бастап сатып алу құқығынсыз арендалық баспана бағдарламасы бойынша 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастардан өтініштерді қабылдау басталды. Сала жауаптыларының айтуынша жуырда 300 жасқа пәтер берілмек.
29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастардан арендалық баспанаға құжаттар бүгіннен бастап Шымкент-баспана.кз электрондық порталы арқылы қабылданып жатыр. Бастапқыда техникалық кемшіліктер орын алып, кейін реттелген соң порталға күннің алғашқы жартысында 1132 азаматтан өтініш түсіпті.
Тұрғын үй басқармасының мамандары құжаттардың басым бөлігі асығыс тапсырылғандықтан толық емес дейді. Пәтер бөлінгенде жұмыс істейтін жастардың жинаған ұпайы маңызды екенін сала жауаптылары кезекті рет ескертеді.
«Сондықтан 25-27 қаңтар аралығында құжаттарын толық тапсырып үлгермегендерге қайта мүмкіндік 4 ақпанда беріледі. Базаға кіріп толықтыруға болады»,-дейді Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы А. ОРДАБЕКОВА.
Арендалық баспанаға өтініш мына шарттар негізінде қабылданады: 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жас соңғы 2 жылда Шымкенттегі тұрақты мекенжайда тіркелген болуы тиіс. Осы мерзімде жеке басында баспанасы болмауы және табысы 40 АЕК , яғни 116 680 теңгеден кем болмауы шарт. Пәтер 5 жылға сатып алу құқығынсыз беріледі.
2019 жылы 904 пәтер жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі жастарға берілсе, ағымдағы жылы арендалық баспана ретінде 300 пәтер беріледі. Олардың бір бөлмелі пәтерлер саны- 195, екі бөлмелі пәтерлер-105. Олар «Тұран», «Жаңа Тұран», «Асар-2» шағынаудандарындағы жаңа үйлерден беріледі
Шымкент тұрғыны Данияр Жантілеу бағдарламаның алғашқы жылы Ю. Гагарин көшесіндегі тұрғын үйден арендалық екі бөлмелі пәтерге ие болған. Екі баланың әкесі «бұл біз сияқты жас отбасыларға жақсы қолдау», дейді. Бірақ әлі де шешімін таппаған мәселелер бар екен.
«Көшіп келгенде қуанған едік. Суымыз, жарығымыз болмаған еді. Оны берді. Қазір газымыз жоқ. Светке көп шығындаламыз. Біздің отбасы ай сайын коммуналдық төлемдерге 18 мың теңге төлейді. Баланы шомылдыру керек, «Аристон» алайын десек, ертең газға қосады деген үмітпен отырмыз»,- дейді Данияр ЖАНТІЛЕУ.
Айта кететін жәйт, арендалық баспанада тұратын жастар пәтер ақысы ретінде 15 мың теңге және коммуналдық төлемді бөлек өтейді. Ал екіншіден жеке баспана алу үшін банкке ақша құяды. Бес жыл мерзімде ешқандай мәселе туындамаса, өздерінің жаңа баспаналарына қол жеткізуіне мүмкіндігі бар.
Шынар Оразова