Жалдамалы пәтерге өтініш берген 201 азаматтың құжаттары кері қайтарылды

142

Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспанаға құжаттарды қабылдаудың екінші кезеңі аяқталды.

Бұл жолы 235 азаматтан өтініш түскен. Айта кететін жәйт, сатып алу құқығынсыз бөлінетін пәтерлер 29 жасқа дейінгі жастарға бес жылға беріледі. Осы мерзімде олар қаржыларын жинап баспаналы болуына мемлекет мүмкіндік туғызып отыр.

Жалдамалы баспанаға жұмыс істейтін жастардан құжаттарды қабылдау бастапқыда қарашаның 25 -і мен желтоқсанның 1-і аралығында жүргізілді. Қалалық түрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына 949 өтініштің 748-і бойынша оң шешім шығып, 201 азаматтың құжаттары кері қайтарылды. Себеп бірінің табысы төмен болса, екіншілері Шымкентте екі жылдан кем тұрғандар.

«Екінші рет 11-20 желтоқсан аралығында кезекті рет құжаттарды қабылдау жүргізіліп, нәтижесінде 235 өтініш түсті. Қазір ол бойынша жұмыс жүргізіледі. Көші-қон полиция қызметі арқылы өтініш берген азаматтардың мекен – жайын, табысын  анықтау сияқты іс-шаралармен айналысудамыз»,-дейді  Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Ордабекова.

Маман 904 пәтерді үлестіру жоспарда бар дейді. Тәуелсіздік күні жалдамалы пәтерлердің кілті 30 жасқа табыс етілді. Олар Ақназархан көшесіндегі бес қабатты үйдегі 25 бір бөлмелі, бес екі бөлмелі пәтерге қоныстанады.

Қаржының мерзімінде бөлінбеуіне байланысты Ю. Гагарин көшесіндегі көпқабатты үй пайдалануға тапсырылмады. Ағымдағы жылы тамызда қаржы түсіп содан бері құрылыс қарқын алған.

«Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар бесінші қабатты көтеріп, шатырын жауып жатырмыз. Ғимараттың қасбетін де қаптап, ішкі жұмыстар жүргізілуде», -дейді  мердігер.

Бұдан бөлек, жалдамалы пәтерлер «Нұрсәт» шағынауданы мен «Шымкент сити» қалашығында бой көтеретін үйлерден қарастырылған. Жалпы жұмыс істейтін жастарға арналған 904 пәтердің 600-і сатып алынады деп жоспарлануда.

Шынар Оразова