4 пайызбен автонесие бағдарламасы: Көлік алу кезегі келгенін қайдан білуге болады?

478

4 пайыздық автонесие бағдарламасының игілігін көлік алғысы келгеннің бәрі көріп жатыр деуге келмейді. Сарапшылар мұны мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражаттың аздығымен, ал өтінім берушілердің көптігімен байланыстырады. Десе де бағдарламаға өтінім бергеннен кейін көлік алу кезегі келгенін қайдан қадағалауға болады? Бұл жөнінде Қазақстанның Даму банкінің баспасөз қызметінен сұрап көрген едік, деп хабарлайды inform.kz.

Жалпы Қазақстанның Даму банкі 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін бағдарлама бойынша келесі сомадағы қаражатты бөлген:

2015 жылы — 15 млрд теңге;

2016 жылы — 11 млрд теңге;

2017 жылы — қаражат бөлінбеді

2018 жылы — 8 млрд теңге;

2019 жылы — 28 млрд теңге

2020 жылы — 20 млрд теңге.

Жеке тұлғалардың кезектерін екінші деңгейдегі банктер дербес жүргізеді.

«Кезекті жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Даму банкі екінші деңгейдегі банктердің сайттарында электрондық кезекті жүргізуге бастамашылық жасағанын қосымша хабарлаймыз. Қазіргі уақытта «Сбербанк» АҚ ЕБ, «Халық Банкі» АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕБ, «ФортеБанк» АҚ ресми сайттарында әрбір өтініш беруші бағдарлама шеңберінде қарыз алуға өз кезегін көре алады.

ҚР Ұлттық банктің 2019 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен бекітілген отандық өндірістің жеңіл автокөліктерін сатып алушыларға кредит беру бағдарламасында 2019-2023 жылдар кезеңінде жыл сайын 20 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу көзделген», — деп хабарлайды банктің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетсек, бұған дейін банк автонесиелеу бағдарламасы аясында 2021 жылдың 1 ақпанына дейін 26 958 автокөлік сатылғанын хабарлаған болатын. Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша автокөлік сатып алуға қойылатын негізгі талаптарды мына сілтемеден оқуға болады.