Шымкент: «Жол картасы» бойынша атқарылатын жұмыстарға жауаптылар бекітілді

204

Бүгін Шымкент қалалық мәслихаттағы «Nur Оtan» партиясы фракциясының отырысы өтті.

Фракция мәжілісінде «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында жасалынған «Жол картасын» іске асыру тетіктері талқыланды.
5 жылға жоспарланған 149 іс шараның сала бойынша орындалуы ағымдағы жылдан бастап кезең-кезеңге бөлінді.

2025 жылға дейін Шымкент аумағында 35 кәсіпорынды іске қосып, 80 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында 42 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, алдағы бес жылда 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, көпбалалы аз қамтылған 3 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады.
Рахымберді МҮЛКЕМАНОВ, Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Білім саласында бес жылда 72 мектеп салынады. Бұл апатты және үш аусымда оқитын мектептердің мәселесін түбегейлі шешеді. Денсаулық саласында 10 медициналық мекеме және 10 дәрігерлік амбулаториялық бекет, ал 2023 жылы 1 мың орындық көпсалалы аурхана инвестор есебінен салынбақ. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталықтары іске қосылады».

«Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасында көрсетілген 2021 жылы атқарылуы тиіс жұмыстарға жауапты басқармалар, аудан әкімдері мен депутаттар бекітілді.

«Әр депутат бекітілген шараға жауапты. Оның орындалуын бақылайды. Сайлауалды бағдарламасында халыққа берген уәделерімізді орындауымыз керек. Жол картасындағы атқарылатын жұмыстар қатаң қадағалауда болады»-деп нақтылады Шымкент қаласының әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ.

«Жол картасы» бағдарламасына енгізілген шаралардың орындалуы бойынша депутаттар мен басқарма басшылары, аудан әкімдері жарты жылда есеп беретін болды.

Шынар Оразова