Шымкентте биылдыққа алғашқы қалалық сенбілік шарасы өтті. Қаладағы төрт ауданның коммуналдық қызметі, басқармалардың мамандары, тұрғындар жалпы 10 мыңға жуық шымкенттік қала аумағын қыс мезгілінде жиналып қалған қоқыстан тазартты. Шаһардағы ирригациялық жүйелер де қоқыстан арылып, көпқабатты үйлердің аулалары да біршама реттеліп қалды. Енді сенбіліктер апта сайын тұрақты түрде өтетін болады.
Таңертеңнен Елікбай Қуанышев әріптестерімен дендрологиялық саябақтағы бекітілген учаскені қоқыстан тазартып үлгерді. Ол қалалық сенбіліктерге үнемі қатысады. «Бір жағынан демалыс аумағын реттесек, екіншіден таза ауа жұмытып қуаттанып қалдық»,- дейді Елікбай.
Тазалық шарасымен әрбір қаланың бөлігін қамту мақсатында шаһар аумағы бірнеше учаскеге бөлінді. Шымкентті қордаланған қоқыстан тазарту шарасына 10 мыңнан астам адам қатысты, оншақты арнайы техника жұмылдырылды. Жиналған қоқыс қаладағы қоқыс алаңына жеткізіледі.
Шыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірініші орынбасары: «Биылдыққа алғашқы сенбілік. Мемлекеттік қызметкерлер өз мекемелері алдын, тұрғындар өздері тұратын аулаларды тазартса, қаламыз таза болады. Енді сенбіліктер әр аптада ұйымдастырылады. Қала аумағы таза болуы тиіс. Сондықтан барлықтарыңызды сенбілікке қатысуға шақырамын».
Еңбекші ауданында сенбілікке қатысқандар шаһардың орталығын ғана емес қала іргесіндегі көше жолдарын, ирригациялық жүйелерді толып қалған қоқыстан арылтуда.
Ал, бұл Әл- Фараби ауданының аумағы. Мұнда ата-аналар балаларымен бірге сенбілік шарасына шыққан. Белсенділер «таза болғаны өзіміз үшін жақсы емес пе», деп қалған жерлестерін тазалық шарасына шақырады.
Абай АХМЕТОВ, қала тұрғыны: «Таңертеңнен тазалап жатырмыз. Осылайша, жұмыс істесек, ауламыз тап- таза болады. Қаланың тұрғыны болғандықтан, тазалығына үнемі көңіл бөліп, қоқыс болса сенбілік ұйымдастырып тазартуымыз керек».
Енді мұндай сенбіліктер әр апта сайын тұрақты өтіп тұрады. Наурыздан бастап тазалық шараларын әр аудан аумағында ұйымдастыру жоспарлануда.
Шынар Оразова