Шымкентте заңсыз жүрген шетелдіктер анықталды

275

Шымкенттегі «Мигрант» іс-шарасында іздеудегі 4 қылмыскер ұсталып, заңсыз жүрген 245 шетелдік анықталды. Көбі дерлік Өзбекстан Республикасының азаматтары. Қазір оларды астыртын жұмысқа тартқан 74 жергілікті азаматтың да ісі қаралып жатыр. Сондай-ақ, заңсыз жүрген 62 Қытай азаматы анықталды.

Жергілікті полиция басқармасы ұсынған бейнематериалдан аспан асты елінің азаматтары қаладағы индустриалды аймақта әртүрлі жұмыстарға жалданып, істегенін көреміз. Полицейлер көші-қон заңын өрескел бұзған оларды еліне қайтармақ.
Мұхтар БҰХАРБАЕВ, Шымкент қаласы ПД жергілікті полиция басқармасының бастығы: «Іс-шара барысында шетел азаматтарын заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен 59 және шетел жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 15 Қазақстан Республика азаматы анықталды. Оларға ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 518 және 519 баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, іздеуде жүрген 4 қылмыскер ұсталды».

Мубарак Расулқызы 20 жылдан бері нан сатады. Пандемия басталғалы нағыз өзбекстандық наубайшылардың пісірген нанды сату да тоқтап қалыпты.
«Карантин кезінде көп өзбекстандықтар кетіп қалды. Өте алмағандары бар, өткендері жай келіп жатыр. Бұрынғы әдемі нандар, самсалар тапшы» дейді  сатушы  Мубарак РАСУЛҚЫЗЫ.

Мына наубайхана қаладағы базарлардың бірінде орналасқан. Жеті жұмысшының бәрі де тұрғылықты азаматтар екен. Асан Данияровтың айтуынша, араларында өзбекстандық наубайшылар жоқ.

«Лаж жоқ. Өзіміз істеп жатырмыз. Карантин кезінде өзбекстандықтар елдеріне  оралды»,- дейді наубайхана жұмысшысы Асан ДАНИЯРОВ.

Мигранттар мәселесі заңмен реттеліп келеді. Өзбекстанға сапарға барған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елдің басшысымен 9 құжатқа қол қойған еді. Оның екеуі көші-қон мәселесіне байланысты.

Жәнібек АРЫНОВ; сарапашы: «Миграция заңды болу керек. Құжат Қазақстандағы еңбек нарығын реттеуге, мигранттар тарапынан жасалатын қылмыстардың алдын алуға, ағымын бақылауға және ең бастысы мигранттардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді».

Қос елдің президенттері екі елдегі заңсыз мигранттар легін тоқтатып, заңды көші-қон механизмін енгізу үшін «Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау» және «Заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық» туралы келісімге қол қойған. Осы келісім аясында заңсыз келіп-кету, заңсыз жұмыс істеу азаятынған ұқсайды.

Екіншіден, шекараға жақын аймақта Өзбекстаннан жеміс-жидек сатып алып, ол жаққа ұн, техника секілді түрлі тауар сатып отырған халықтың қосарланған салық мәселесі де шешіледі.

Шынар Оразова