Пандемияға қатысты енгізілген карантин шаралары тойханалар жұмысы мен оның төңірегіндегі кәсіпті тығырыққа тіреді, дейді шымкенттік кәсіпкерлер. Бұл мәселе Кәсіпкерлер палатасында жұмыс істейтін агроөнеркәсіп кешені мен тамақ өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі, сауда және қызмет көрсету салаларын қамтыған үш комитеттің отырысында талқыланды.
Шымкенттегі тойханалардың иесі Берік Өтебаев «кәсібімізді жалғастыруға рұқсат берсе, қызметкерлердің жалақысы, ғимараттардың күтіміне және банктің алдындағы берешегімізді өтеуге мүмкіндік алатын едік»,- дейді. Шахардағы тойхана иелерінің атынан сөз алған кәсіпкер жергілікті биліктен кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрады: «Тойхананың қызметіне бүгінде тыйым салынғаны жайлы білесіздер. Шымкентте 250 адамға арналған 100-ге жуық тойханалар бар. Төтенше жағдай енгізілгенге дейін әр тойханада орта есеппен 15 той өтетін. Тойхана қызметінде 6000 астам адам жұмыс істейтін. Сонымен қатар, тойды ұйымдастыратын 500-ден астам ұйымдар қатысатын. Бұл шамамен 95 өндіріс орталығы, залды безендіретін 50 компания, 70 үйлену салоны, азық-түлік базарлары және т. б. Тойхана индустриясына 7 мыңнан астам адам қатысады. Барлығын есептегенде 13 000 адамнан асады. Бүгінгі таңда тойхана саласындағы адамдардың 90 пайызы жұмыссыз қалды. Тойхана субъектілері бүгінде ғимараттарды күтіп ұстау, бірқатар қызметкерлін сақтау үшін үлкен шығынға ұшырауда. Бүгінгі күннің орташа есеппен шығыны 1- 3,5 млн. теңгені құрайды. Соднай-ақ, көптеген тойханалардың банктер алдындағы несиелік міндеттемелері бар. Тойхананың өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң түрде сақтап, ғимараттардың толымдылығы 50 пайыздан асырмай, іс шараларды 20-00 дейін өткізуге рұқсат берілсе екен», дейді.
Бұл мәселе тиісті мекеме басшыларының қатысуымен жуырда талқыланатын болды.
Шынар Оразова