Заңсыз такси тасымалына тосқауыл қойылады

153
фото Tengrinews.kz

Шымкент қаласындағы «Компания 13 регион» ЖШС-ның директоры Ерлан Малдакасов 2021 жылғы 3 ақпанда қала әкімінің жеке қабылдауына қатысып, қаладағы такси тасымалы мәселесін көтерген болатын. Мұрат Әйтенов мәселені шешу мақсатында қабылдауға келген кәсіпкер мен құзырлы орган басшыларының қатысуымен жиналыс ұйымдастыратынын айтқан.

Аталған жиналыс қала әкімінің төрағалығымен ұйымдастырылып, оған полиция департаментінің, мемлекеттік кірістер департаментінің, көліктік бақылау инспекциясының басшылары және көлік прокуроры қатысты. Онда қаладағы такси саласындағы мәселелер кеңінен талқыланды.

«Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңына сәйкес кәсіпкерлер таксимен тасымалдаушы ретінде қызметті жүзеге асыруды бастар алдында жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті болып табылады. Шымкент қаласында мұндай хабарлама беріп, 30 жеке және заңды тұлға 935 такси көлігімен жолаушыларға қызмет көрсетіп жүр. Оларға жағдай жасау үшін 35 такси тұрағы ұйымдастырылған.

Бүгінгі таңда болжам бойынша Шымкент қаласында заңсыз жолаушылар тасымалымен тұрақты түрде шамамен 1200 -ден астам жеке тұлға жеңіл автокөлігімен заңсыз жолаушылар тасымалдаумен айналысуда екен. Сондай-ақ, қала аумағындағы 14 стихиялық тұрақтан облыс, қала, ауданаралық тасымалдаулар 500-ден аса шағынавтобустар мен жеңіл автокөліктерін пайдалану арқылы жүзеге асырылып отыр.

Заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою мақсатында «Жол картасы» бекітіліп, жұмыс тобы құрылды. Жұмысшы топ рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, нәтижесінде өткен жылы 215 такси көлігінің иесіне әкімшілік айыппұл салынған.

Жиында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов такси тасымалы кезінде негізінен күнделікті жүргізушілердің медициналық және көлік құралдарының техникалық тексерулерден өтпей жолаушыларға қызмет көрсетуі, арнайы бағдарламаларды (inDriver/Яндекс) өшіру немесе жұмысын реттеу тетіктерінің жоқтығы секілді бұзушылықтар кездесетінін жеткізді.

Жиналысты қорытындылаған қала әкімі такси тұрақтарын зерттеп, сол аумақтарға «Сергек» камераларын орнату мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтты.
— Бүгінгі таңда заңсыз автотұрақ құрып, онда таксимен айналысып жүргендерді анықтаудың бірден бір жолы «Сергек» камераларының санын арттыру. Сонымен бірге, такси қызметі бойынша өзге мегаполистердің тәжірибесін зерттеу де керек.

Бәсекелістікті арттыру арқылы туризмді де дамыта аламыз. Бұл тұрғыда «Компания 13 регион» ЖШС-ның туризм басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізуін тапсырамын, — деді.
Сонымен бірге құзырлы органдармен бірлесіп қаладағы такси жұмысын бақылау бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастыруды одан әрі жалғастыруды жүктеді.