Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселемен арнайы барып танысып, шешу жолдарын қарастыруда. Бүгін қала шетінде орналасқан «Шаңырақ» шағын ауданында болып, тұрғындардың емхана мен асфальт жол салып беру және жер мәселесі туралы өтініштерін тыңдады.
Осы ретте шаһар басшысы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында қалада кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар атқарылып келетінін атап өтті. Мәселен, 2023 жылға дейін халық 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылатын болады. Ал 2025 жылы қала жолдарының сапасы 90 пайызға жетпек.
«Кешегі берген халық алдындағы есепті кездесуімде де қала тұрғындарының алдында тұрған бес ортақ мақсат жөнінде айтып өткен болатынмын. Ол адами капиталды өсіру, инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, баспаналы болу, халыққа қолайлы қала құру. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс жасауымыз қажет»,-деді.
Кезінде Сайрам ауданынан Шымкент қаласы Еңбекші ауданының аумағына өткен елді мекенге қала мәслихатының шешімімен «Шаңырақ» шағын ауданы атауы берілген болатын. Бүгінде мұнда 2 мыңға жуық халық тұрады. Шағын ауданда 1 мектеп пен 2 жекеменшік балабақша бар. Ал 10,91 шақырым жолдың қәзіргі таңда 6,85 шақырымы асфальт жол болса, 4,06 шақырымы шағал тас төселген жолдар.