Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков мереке қарсаңында кезекті рет онлайн түрде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Көп жылдан бері үй кезегінде тұрған көпбалалы ана Айгүл Құраласбаева таяуда өз кезегіне сәйкес баспаналы болады. Алайда бойын қуанышы мен қатар сенімсіздігі билеген қала тұрғыны қала басшысының орынбасарынан реті келсе пәтерді тездетіп үлестіруді және қай жерден берілетінін айтуды өтініп келген.
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер белгіленген тәртіп негізінде кезекпен беріледі. Қала басшысының орынбасары әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Жалпы онлайн қабылдауда бүгін 10-нан астам азаматтың мұң-мұқтажы тыңдалды. Ерғали Дәулетбекұлы тиісті басқарма басшыларына тұрғындардың мәселесіне қатысты тапсырмаларды берді.
Айта кетсек, Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту – басым бес мақсаттың бірі. Қазір қалада 40 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Мегаполис тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысын 1 млн. шаршы метрге жеткізу көзделген.