Шымкент қаласының 3 жылдық бюджеті бекітілді

246

Шымкент қалалық мәслихатының кезекті 3-ші сессиясында алдағы 3 жылға арналған қала бюджеті бекітілді.

Білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салалардан бастап, тұрғын үй, инфрақұрылымды жетілдіруге бөлінген қаржы есебінен шаһар бюджеті 448 млрд. теңгені құрап, 15,7 пайызға , яғни 60 млрд. теңгеге өскен. Басты құжатпен қоса депутаттар күн тәртібіне енгізілген 15 мәселе бойынша шешім қабылдады.

2021-2023 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджетін қалыптастырғанда шаһардың бағыттарының негізгі басымдықтары ескеріліпті. Облигация қаржы есебінен «Тұран» шағынауданындағы 33 тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға 11 млрд. 673 млн теңге қарастырылса, жұмыспен қамту жол картасы аясында 13 нысанның құрылысына 10,5 млрд. теңге бағытталуда.
Рахымберді МҮЛКЕМАНОВ, Шымкент қаласының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы: «Жергілікті бюджет есебінен геопортал бағдарламасын әзірлеуге және сүйемелдеуге 376 млн. теңге, тұрғын үй аулаларын жөндеу және ойын алаңшаларын орнатуға 975 млн. Білім мекемелерін күрделі жөндеуге 1 млрд.120 млн. Медицина мекмелерінің МТБ жаңғыртуға 7 млрд. 856 млн».

Қаланың іргесіндегі елдімекендерге қатынайтын әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға 1,5 млрд. теңге, 6 көшедегі жол құрылысын аяқтауға, 23 көшедегі орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1 млрд. 297 млн. қаржы бөлінді. Бюджетті нақтылау барысында мәдениет саласына бөлінген қаржыға қатысты пікірлер де айтылды.

Альбина ЕЛШИЕВА, Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы: «Біз қолдаймыз. Алайда депутаттар эпидситуацияға қатысты ұсыныстарын жеткізіп қаражатты ғимаратты жөндеуге іс-шараларды қысқартып қажетті деген салаға жұмсауды жүйелендіру қажет деп есептейді».

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Осыған дейін 139 млрд. бөлінді инфрақұрылымды жетілдіруге.  Инфрақұрылымды бір жылда жасауға болады, ал мәдениетті көтеру үшін 10 жыл, 20 жыл кетеді. Біз мәдениет саласын ұмытып жатырмыз. Өскелең ұрпақты тәрбиелейміз десек көңіл бөліп қолдау көрсетуіміз  керек».

Бюджет есебінен қаланың бас жоспарын әзірлеуге 678 млн. теңге жұмсалмақ. Сонымен қатар, нысандар құрылыстары үшін жер телімдерін мемлекеттік қажеттілікке алуға 1 млрдан астам қаржы бөлінді.

Шынар Оразова