Шымкентте фарабитанушылар бас қосты

106

 

 

Ұлы ойшыл Әбу-Насыр Әл-Фарабидің мұрасы ұлықталды. Бүгін Шымкенттегі «Әл-Фараби» кітапханасында «Әл-Фараби мұрасы-өркениет қазынасы» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға тек отандық ғалымдар ғана емес, алыс жақын шетелдерден де фарабитанушылар қатысты.  Шара ұйымдастырушылары ғалымның көзқарастарына мұқтаж екендігімізді алға тарта отырып, оның еңбектерін насихаттауды мақсат етіп отыр. 

Әл-фараби мұрасы-өркениет қазынасы. Әл фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада аталмыш тақырыпта ғылыми теориялық конференция өтіп жатыр. Мақсат — ұлы ойшыл мұрасын жастарға кеңінен насихаттап, тереңірек зерттеп-зерделеу. Сондай-ақ, Шымкентте орналасқан аталмыш ғалым атындағы кітапхананы әлемдік Александрия кітапханасының деңгейіне дейін көтеруді көздейді.

Халықаралық конференцияға отандық және алыс жақын шетелдік фарабитанушылар, ЮНЕСКО мен Мәдениет және спорт министрлігінің  өкілдері, қоғам қайраткерлері мен жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты. Қатысушылар ұлы ойшылдың зерттеулеріне айрықша көңіл бөліп, оны бүгінгі күннің талабы мен келешектің мүдессі тұрғысында зерделеуді көздеп отыр. Ал Қазақстанның Ұлттық ғылыми академиясының академигі ғалымды ұлықтап жатқан шымкенттіктерге ризашылығын білдірді.

Ғарифолла Есім, Филология ғылымдарының докторы, Қазақстан ҰҒА академигі, профессор:

«Ең бірінші айтарым Әбу-Насыр Әл-Фараби Шымкенттің азаматы. Енді сол 1150 жылда дүниеге келген адамды, бабаларыңызды сіздер құрметтеп жатырсыздар. Шымкенттіктер керемет азаматсыздар, не деген ғажапсыздар».

Күллі ғалам мойындаған әйгілі ойшыл философтың көзқарасы мен ойларына мұқтаж екендігіміз анық. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мемлекет арасында туындап жатқан мәселерді шешу үшін де ғалымның мұрасы маңызды. Ал, дінтанушы Әбсаттар Дербісәлі Әл-Фарабидің жұрт білмейтін қырларын ашуға тырысты.

 

Әбсаттар Дербісәлі, филология ғылымдарының докторы, әдебиет зерттеуші, дінтанушы:

«Әл-Фараби — энциклопедист ғалым. Энциклопедист  деген ғылымның барлық саласында қалам тербеген. Өйткені сол заманда солай болды. Егер ғалым болатын болса, ол ғылымның барлық саласын қамтыды. Енді оның құдыреті алғаш рет өз заманында ғылымды класификациялады, жіктеді. Мынау физика, мынау филология, мынау астрономия, мынау…Осының бәрі ғалымның еңбектерінде бар».

Алдағы уақытта мұндай конференцияларды  жиі ұйымдастыру, тақырыптық байқаулар мен ғалым туралы фильмдер көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалады дейді шара ұйымдастырушылары.

   Мөлдір Ибадуллаева