Әйелдер ипотекасы кімдерге беріледі?

230

Қазақстанда әйелдерге арналған ипотека жобасы бастау алды. Бір күнде еліміз бойынша «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің сайтына бір жарым мың азаматша өтініш қалдырыпты.

Жобаға қатысуға ниет білдіргендер арасында шымкенттік әйелдер де бар. Сала мамандары «Ұмай» ипотекасы арқылы баспаналы болуға ниет білдіргендер тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ғимаратына келіп, табысын растауы тиіс дейді. Шарт бойынша үйлі болуды көздеген нәзік жандылардың жасы кәмелет жасынан асқан, Қазақстан азаматшасы болуы керек.
Дәурен САУДАБАЕВ, «Отбасы банкі» Шымкент қалалық филиалының директоры: «Отбасылық  айлық табысы 320 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Тұрғын үй таңдауда шектеу қойылмайды. Ипотеканы жаңа пәтерге де, екінші нарықтағы пәтерлерге де, оның ішінде үлестік келісім бойынша да, жөндеу мақсатында да рәсімдеуге болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 12 пайыз, кейіннен 5 пайызға төмендейді. Бастапқы жарнасы-15 пайыз».

Сатып алынатын үйдің ең жоғарғы құны-30 млн теңге. Тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алынатын несиенің көлемі 3 млн. 700 мыңға дейін.

Әйелдер ипотекасы жайлы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» сайтына кіріп, барлық талаптарымен таныса аласыздар. Біздің банк гендерлік теңдікті жетілдіруге негізделген әйелдерге арналған ипотека жобасын іске асыруға кірісті. Баспаналы боламын деген азаматшаларымыз төлем қабілеттілігін растау арқылы жобаға қатыса алады»,- дейді банк басшысы.

Шынар Оразова