«Ақылды емхана»: Мобильді қосымшамен маманды үйіңізге шақыра аласыз

219

Шымкентте «Ақылды емхана, ақылды аурухана» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Күні бүгіннің өзінде қала аумағындағы 28 медицина мекемесі аталған жаңа жүйе бойынша қызмет көрсетуге көшкен. Енді тұрғындар кезекте сабылмай, үйінде отырып-ақ дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Тіпті медицина маманын үйіне шақыруға мүмкіндігі бар.

Шымкенттегі №1 қалалық емханада ұзын сонар кезекте тұрған адамды көрмейсіз. Өйткені, мекеме 2017 жылдан бері ақылды емхана жобасы аясында тұрғындарға қызмет көрсетуде. Арызкүл Айтымбетова 15 жыл осы емханада қаралады. «Жаңа жүйе іске қосылғаннан бері уақытымызды тиімді пайдаланудамыз»,- дейді.

Дастан ЖОРАЕВ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілі: «Ақылды емхана, ақылды аурухана» жобасы бойынша Шымкентте 28 медициналық мекеме жұмыс істеп жатыр. Әрбір қала тұрғыны «Дамумед» қосымшасын өзінің ұялы телефонына жүктеп алып, QR код батырмаларды басып, тиісті дәрігерге жазылуға мүмкіндігі бар.  Және  қызмет көрсету сапасын да бағалай алады».

ЛОР дәрігері Жанат Тәшімбетова қабылдауды аяқтады. Бүгін қаралған азаматтардың денсаулығына қатысты тексеру тұжырымын парақшаға енгізуде.
«Бізде «Дамумед» қосымшасы арқылы тұрғындар бірінші өз терапевтіне жазылады. Қажет болса, бізге жібереді. Жұмысымыз жеңілдеп қалды. Бұрын ұзын сонар кезек болатын. Сен адамды қабылдап жатырсың ба, жоқ па, әрбірі есікті ашып, «қашан мені қабылдайсыз» деп мазалайтын. Қазір керемет, азаматтар ұялы телефонындағы «Дамумед» қосымшасына кіріп, біздің қабылдауымызға жазылады. Өзінің де уақытын үнемдейді, біз де қабылдаудағы адамға емделу бойынша барлық кеңестерімізді беріп үлгереміз» ,дейді №1 қалалық емхананың отоларинголог- дәрігері Жанат ТӘШІМБЕТОВА
«Дамумед» қосымшасы арқылы қабылдауда болған азамат көрсетілген қызметке бағасын береді. Бұл өз кезегінде емхана жұмысын оңтайландыруға оң әсерін береді»,- дейді ақ халаттылар. Күні бүгіннің өзінде қалада 202 мыңға жуық тұрғын мобильді қосымшаны пайдаланады екен.

Шынар Оразова