Шымкент «сары аймаққа» енсе де, той тыйылар емес

188

«Сары аймаққа» енсе де Шымкентте тойлардың тыйылатын түрі жоқ. Қаратау ауданы әкімдігі демалыс күндері аумақта тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде бесік той, беташар өткізген отбасылық жиындарға тап болды. Мониторингтік топ сөзінше қаншама хаттама толтырылғанына қарамастан, жергілікті кәсіпкерлер мен тойшыл қауымға бұл сабақ болатын емес.

Шымкенттік тойшыл қауымға карантин әлі де кедергі болмай тұр. Тіпті мегаполистің «сары аймаққа» өтуі қала тұрғындарын алаңдатпай отыр. Жерлестеріміз әлі де той тойлап, отбасылық жиын өткізуден тайынатын емес. Солардың бірі сенбі күні Қаратау ауданындағы «Атамекен» тойханасында анықталды. Тойға күтпеген қонақтар кіріп келгенде тойхана мен той иесі өзара дауға көшті.

Ал, аумаққа жауапты учаскелік полицейлер болса, бұл тойхананың өткен аптада ғана карантин ережесін бұзғанын айтады. Толтырылған хаттамаға қарамастан тойхана иесі тағы да жиын өткізуді ұйғарыпты. Осылайша погондылар тек айыппұл салудан әрі аса алмай отырмыз дейді.

Алмас ЕРКІНБЕКОВ, полиция инспекторы: «СЭС-ке материал жолданған еді. Осыдан бір апта бұрын. Ескертілген. Түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Қазір тағы анықталып отыр. Тағы жалғастырса, СЭС-ке тағы жолдаймыз. Өткен жолы сүндет той анықталған еді. 50-60 адам жиналған ол кезде. Материалдың бәрі СЭС-ке жолданды. Қазір де түсініктемесін алып, материалды СЭС-қа жолдаймыз».

Карантин талабына бағынбау базарларда да тіркелуде. Сайрам тұрғын алабындағы бұл орталыққа мониторингтің топ апта сайын келеді. Осыған қарамастан медициналық маска таққандарды табу оңай емес. Дүңгіршектегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Бірінде антисептик табылмаса, бірінде кіре берістегі кілемше жоқ.

Жолдас НАЗАРБАЕВ, базар басшысы: «Бізде бәрі тәртіппен. Алдыңғы карантинде жауып қойдық. Бір ай. Адамдар жұмыссыз қалды. Олардың да бала-шағасы бар. Бағуы керек. Қандай міндет болса да бәрін жасап жатырмыз. Антисептиктер қойып жатырмыз. Бір-екі кемшіліктер бар. Оларды тәрбиелеп жатырмыз».


Шенеуніктер тұрғындарға түсіндіру жұмыстарының күн сайын жүргізілетінін айтады. Алайда, жұрттың қатерлі індеттен тайсалатын түрі жоқ екен.

Азамат ПАРМАНОВ, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Ауданымызда 14 тойхана бар. Барлық тойханадан анықталды. Мысалы айта өтетін болсақ, «Рояль Роустан» 3 рет анықталды. Осы демалыс күндері. «Әсем» тойханасынан 2 рет анықталып отыр. «Атамекен» тойханасынан. 2 рет анықталып отыр. Одан басқа «Екі Жұлдыз» тойханасынан да 2 рет анықталды».

Айта кетейік, өткен тәулікте вирус 48 шымкенттіктен анықталды. Оның 37-сі симптомды болса, 11 симптомсыз ауырған науқастар.

Назерке Үкібасова