Шымкентте екі жігіт 90 жерге есірткі тығып, саудалап келген

201

Қазақстанда есірткі саудасы еселеп барады. Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрлігі мәлімдеп отыр. Жауаптылар сөзінше карантин басталғалы психатропты затқа қызығатындар көбейген. Ал, оның саудасы әлеуметтік желіде қызып тұрған сыңайлы. Республика бойынша өткен жылдың өзінде есірткі сататын 1200 сайт бұғатталды дейді полицейлер.

Карантин басталғалы Қазақстанда есірткіге елітетіндер көбейген. Осылай деген еліміздің Ішкі істер министрлігі өткен жылы психатропты затқа қатысты 861 жағдайдың тіркелгенін айтады. Биылғы көрсеткіш бұдан кем емес. 3 айдың өзінде 369 жағдай тіркеліп, 18 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде шымкенттіктер де бар. Қаламыздың 19 және 22 жастағы екі жігіті 90 жерге есірткі тығып, саудалап жүргені белгілі болған.

Берікхан НҰРҒАЛИЕВ, ҚР ІІМ өкілі: «Шымкент қаласында екі жігіт қаланың әр жеріне есірткіні тығып, белгі қалдырып, саудалап жүрген. Осылайша олар 90 жерге психатропты затты жасырған. Бүгінде олар ұсталып, үстерінен қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, бұдан былай белгіні сызған азаматтар да жазасыз қалмайды. Және әкімшілік жазамен құтылмайды. Үстерінен қылмыстық іс қозғалып 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін».

Пысықайлар сауданы интернетте гүлдендіріп отыр. Өткен жылы мұндай 1200 портал бұғатталған. Ал, биыл есірткі сататын тағы 400 интернет ресурс анықталыпты. Осылай деген полицейлер кокаин, марихуанадан бөлек жастардың таблеткаға да үйір бола бастағанын айтады. Және ата-аналарды балаларына сақ болуға шақырды.

Берікхан НҰРҒАЛИЕВ, ҚР ІІМ өкілі: «Ата-аналар балаларына сақ болса деймін. Кенеттен қолдарына көп ақша түсіп, не үйден ақша жоғалып жатса, дереу шара қолдану керек. Себебі есірткінің барлығы әлеуметтік желіде саудаланып жатыр. Ал қазір оқушылар мен студенттердің барлығы онлайн оқып, ұялы телефон қолдарында. Бұл теріс жолға түсудің ең оңай мүмкіндігі».

Бұдан бөлек, ішкі Істер министрлігі Қазақстанда адам саудасының да тыйылмай тұрғанын айтады. Оны тоқтату мақсатында еліміздің 3 аймағында мониторингтік топ құрылыпты. Оның бірі Түркістан облысында. Жүргізілген оқу-жаттығу нәтижесінде 1 адамды құлдықта ұстау, 3 азаматты тірідей саудалау, тағы 10 әйелді жөзекшелікке жегу анықталған.

Назерке Үкібасова