Шымкентте КВИ жұқтырғандардың көбі тойға барғандар

108

Шымкентте коронавирус анықталғандардың көбі қауіпті індетті тойға барып жұқтырғандар. Бұл туралы қаланың бас дәрігері мәлімдеді.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов осы айда індет табылғандар екі есе өскенін айтады. Ал, жәдел жәрдем шақырту 10 пайызға көбейіпті. Жалпы жыл басынан бері 21 шымкенттік квиден көз жұмған.

«Сары» аймақта тұрған Шымкенттегі эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітерлік емес. Өткен тәулікте індет тағы 72 шымкенттіктен анықталды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының мәліметінше, тәжівирус табылғандардың көбісі тойға барғандар. Ауруханаға түскен олардың бірқатарының қазір жағдайы ауыр.

Айта кетейік, жыл басынан бері індет 1872 шымкенттіктен табылды. Өкінішке орай, оның 21-і тәжівирус кесірінен көз жұмған. Осылай деген қаланың бас дәрігері тағы 20 науқастың ауыр жағдайда жатқанын айтады.

Басқарма басшысы вакцина салдыруға келгендердің де көбейгенін жеткізді. Жалпы осы уақытқа дейін 13 мыңнан аса шымкенттік екпе алып үлгерген. Ал, бүгін таңғы сағат төртте мегаполиске тағы 30 мың препарат жеткізіліпті.

Жалпы өткен аймен салыстырғанда ковид жұқтырғандар Шымкентте екі есе өскен. Ал, жедел жәрдем шақырту 10 пайызға артты дейді Бақытжан Позилов.