Шымкентте созылмалы ауруы барларға вакцина салына бастады

198

Шымкентте диспансерсік есепте тұратын азаматтарға вакцина салына бастады. Созылмалы ауруы бар науқастарға екпе егу жергілікті тіркелген емханаларда жүргізілуде. Үшінші мегаполисқа бұған дейін ковидке қарсы 24 900 доза вакцина алып келінсе, сәуір айында тағы 32 мың дозасы жеткізу күтілуде. Мамандар сөзінше вакцинаны өз еркімен алатындардың саны артып келеді.

Шымкентте созылмалы ауруға шалдыққандарға вакцина салына бастады. Дәрігерлердің сөзінше бұл азаматтардың қауіпті індетті жұқтыру қаупі жоғары деңгейде. Әрі басым бөлігі короновирус инфекциясын ауыр өткереді екен. Ал одан қорғанудың бірден-бір жолы — вакцина алу. Денсаулығына алаңдаған 68 жастағы Валентина Золоторева да қауіпті індетке қарсы екпе ектіруге шешім қабылдапты.


Валентина Золоторева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен вакцина салдырамын деп шешім қабылдадым. Себебі қазіргі жағдай өте қауіпті болып тұр. Міне, қазір ғана вакцина алып шықтым. Менде бәрі жақсы. Ешқандай ауруды сезінген жоқпын. Тіпті салғаны да білінбей қалды. Енді бассейнге еш уайымсыз баратын болдым. Мен бассейнге баруды өте қатты жақсы көремін әрі ұзақ күттім. Енді екінші екпені алсам, еркін баратын боламын».

Диспансерлік есепте тұратын азаматтарға екпе егу жұмыстары жергілікті тіркелген емханаларында жүргізіледі. Алдымен вакцина алушы адамның келісімі анықталады. Содан соң дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Екпе науқастың денсаулығы қалыпты болған жағдайда ғана салынады. Бүгінде екпе салдырып жатқандардың көбі егде жастағы кісілер екен.

Валерий Гордеенко, зейнеткер: «Мен кәрілікке байланысты ауруға шалдықтым. Сол себепті мен вакцина қабылдаймын деп шештім. Көптеген елдерде тексерілген «Спутник V» вакцинасын неге алмасқа? Міне, менің екпені салдырғаныма жарты сағаттың көлемі болды. Өзімді жақсы сезінудемін. Барлық қала тұрғындарын ерікті түрде вакцина алуға шақырамын. Бұл сіздің әрі туыстарыңыздың қауіпсіздігі үшін қажет».


Қалада екпе егу пунктері бұған дейін 26 болса, қазірде олардың саны 36-ға артқан. Сондай-ақ ковидке қарсы вакцинаны ерікті түрде алуға ниет білдіріп жатқандардың саны да артып келеді дейді мамандар. Екпені ерікті түрде салдырамын деген қала тұрғындары өзі тіркелген емханаға барса жеткілікті. Олар үшін вакцина дозалары ағымдағы айда жеткізіледі.

Лаура Нахыпқызы, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы: «Шымкентте бұған дейін 26 егу пункті болса, қазірде оның саны 36-ға артқан. Егу пункттері қажетті медициналық құралдармен қамтылған. Сондай-ақ 320 термопонтейнер орнатылған. Дәл қазіргі уақытта ерікті түрде вакцинаға келісім берген азаматтардың саны көп десек те болады. Жалпы осы сәуір айында 32 мыңға жуық вакцина дозасы жеткізіледі деп күтілуде».

Айта кетейік, бүгінге дейін Шымкентке ресейлік «Спутник V» вакцинасының 24 900 дозасы жеткізілген. Ал, 9598 адам вакцина алып үлгерген. Олардың басым бөлігі медицина мамандары екен.

            Мөлдір Ибадуллаева