Шымкенттің үш ауданында жаңа шағынаудандар бой көтермек

283

Шымкент қаласының үш ауданында инвесторлардың қатысуымен «Шымкент сити» жобасымен жаңа үлкен шағын аудандар салынады. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Инвестициялық штабтың отырысында айтты.

«Қаланың даму жолы аясында, әр ауданның өз орталығы, өз саябағы, өз емханалары, өз мектептері болуы қажет. Сондықтан болашақта әр ауданнан «Шымкент сити» секілді үлкен жаңа, заманауи шағын аудандар саламыз. Жаңа құрылысқа инвесторларды тарту жұмыстарына аудан әкімдері де атсалысуы керек. Халық орталыққа қарай емес, қажеттісін өз ауданынан шықпай-ақ таба білуі тиіс»,- деді қала басшысы.

Қала әкімінің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестиция потенциалы бар жобалардың мәселелерін шешу жайы қаралды. Инвесторлармен zoom платформасы арқылы байланысқа шыққан қала басшысы Шымкентте инвесторлар үшін барлық жағдай жасалатынын айтып өтті.

«Шымкент – инвестицияға қолайлы қала. Бізде арнайы экономикалық аймақ пен бірнеше индустриалды аймақ бар. Қосымша жаңа индустриалды аймақтардың құрылысы жүргізілуде. Оның бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Мұнда құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі шоғырланады. Елуден астам кәсіпорын құрылады. Сонымен бірге, Біз жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша толық қолдап, кедендік салықтық режим, тегін жер телімі, мемлекеттік қолдау және дайын инфрақұрылым қарастырғанбыз»,-деді қала басшысы.

Сонымен қатар, әкім құрылысы аяқталуға жақын АГРС-3 автоматтандырылған газ станциясы пайдалануға берілгенде қала тұрғындарымен қатар кәсіпкерлік саласы100 пайыз сапалы көгілдір отынмен, ал, «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылғанда электр қуатына қол жеткізетінін атап өтті.

Бүгінде Шымкент қаласында 2021-2025 жылдарға арналған құны 3 триллион теңге шамасында болатын 210 жобадан тұратын пул құрылды. Бұл жобалармен 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Алдағы бес жылда жүзеге асатын жобалардың 99 өнеркәсіп саласы болса, 25-і ауыл шаруашылығы бағытында. Бұдан бөлек, білім саласында 20, денсаулық бойынша 9, сауда бойынша 15, туризм саласында 8, тұрғын үй құрылысы бойынша 31 және көлік және коммуналдық қызметтер аясында 3 ивестжоба бар.

Штаб отырысын қорытындылаған Мұрат Әйтенов инвестициялық келісімдер жасасу жөнінде шешімдер қабылдаудың негізгі орталығы – Инвестициялық штаб болатынын жеткізді. Және штаб отырысында көтерілген мәселе, хаттамаға енгізіліп, оның орындалуы жіті бақылауға алынуы тиіс деді.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі