Сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен ерлі-зайыпты Кичатовтар

94

Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен шаһардағы 21 ҰОС ардагеріне бір реттік әлеуметтік көмек ретінде 1 млн. теңгеден астам ақшалай төлем жасалды. Мереке қарсаңындағы төлем Ұлы Отан соғысы ордені, Маршал Жуков медалінің иегері Кичатов Семен Дмитриевичтің де есепшотына аударлды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Кичатов Семен Дмитриевич биыл ақпанның 15-де 95 жасқа толды. Соңғы жылдары қарт майдангер төсекке танылып, сөйлеуден де қалған. Есін жиған кезде сүйікті сағатын, гармонын сұрайды дейді ардагердің қызы. Қуаттанған сәтте аспапты  алып жастық шағын еске алады.

Сұрапыл соғысқа аттанған Семен небәрі 17 жаста болатын. 1943 жылы Украина майданында жаяу әскер қатарында шайқасты. Ұқыптылығы мен жауапкершілігін байқаған басшылық жауынгерді курстарға оқуға жіберіп, әскери қызметін атқыштар полкында жалғастырады. Литваны азат етуде ерлігімен көзге түскен Семен маршал Жуковтың медалімен марапатталды. Көп ұзамай шайқаста көрсеткен қайсарлығы үшін басшылықтың алғысын да алады. 1945 жылы елге оралып, 1955 жылы Оренбургтың тумасы 25 жастағы Аннамен отбасын құрады. Тыл ардагері Анна Степановна соғыс басталғанда небәрі 10 жаста екен.

Анна КИЧАТОВА, тыл ардагері: «Ересектер  соғыста, ауылда тек әйелдер мен балалар қалған. Бізді класымызбен бірге егістікке апаратын. Онда біз шөп жұлып, көкөністің күтіміне қарайтынбыз. Көрші жерде бидай өсетін. Алайда біз нанды тойып жемедік. Өйткені бидай да, ұн да, нан да майданға жіберілетін».

«Жасымыз келді, ешкімге өкпе жоқ. Халықтың, отбасымыздың қолдауы арқасында орталарыңыздамыз. Семен Дмитриевичтің күтімі немерелеріміздің мойнында түні бойы қарап, таңертең жұмысқа кетеді» дейді майдангердің жұбайы.

Анна КИЧАТОВА, тыл ардагері:и»Семен Дмитриевичпен бірге бақытты өмір сүрдік. Үкімет тарапынан барлық әлуметтік көмекті алып жатырмыз. Рахмет. Жақында 9 мамырға арналған мерекелік төлемді де есепшотымызға жіберіпті. Мен де тыл ардагері ретінде ақшалай көмек алдым. Қамқорлықтарың үшін рахмет, барлықтарыңа зор денсаулық ашық аспан тілеймін».

Бізбен жылы қоштасқан Анна Семеновна мүмкін алдағы 9 Мамырда Семен Дмитриевичтің гармоньдағы әуенін де естіп қаламыз деген үмітін де жасырмады. Лайым солай болсын  бізге бейбіт өмір сыйлаған батыр аталарымызбен апаларымыз аман болсын.

Шынар Оразова