Жұмысшы мамандықтардың біліктілігін сыннан өткізетін «Үздік маман» сайысы биыл оңтүстік өңірде өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасатын додаға 14 мамандық бойынша 94 үміткер қатысқан. «Интергаз Орталық Азия» АҚ- ұйымдастырған жарыс 10 өңірдің кәсіби қызметкерлері арасында тартысты өтті.
Биыл еліміздің түкпір-түкпірінен келген 94 қызметкер «Үздік маман» байқауында бақ сынады. Қатысушылар теориялық және тәжірибелік кезеңдерден өтіп, қауіпсіздік талаптарын қаншалықты меңгергенін көрсетті, алғашқы көмек көрсету дағдылары бойынша біліктілігін дәлелдеді. Бұл жолғы сайысқа алғаш рет «Химиялық талдау зертханашысы» мамандығы да қосылып,сала бойынша нәзікжандылар бәсекелесті. Мамандар жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталатынын атап өтті.
Абзал Жұмабайұлы, «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының орынбасары: «Өздеріміздің ереже бойынша келесі жылғы сайысқа дейін үстіне қосымша ақы алады. Айлығына қосып. Биыл оған қоса ақшалай сыйақы берудеміз. Жұмысшылардың мотивациясын көтеру үшін. 1-2ші орындарға үздік атанғандарға. Бұл байқау жыл сайын өтеді. Биыл біз 14 мамандықты қамтыдық. Жеңімпаздар жаңа разрядтарға ие болып, кадрлық резервке енеді, әрі дамуға жаңа серпін алады. Компания үшін ең бастысы – қызметкерлер және олардың қауіпсіздігі».
Қиын сынақтардан мүдірмей өтіп, жүлделі орыннан көрінгендердің бірі — Сұлтан Жұмаш. Технологиялық құрылғыларды жөндеу слесары өз саласында жылдар бойы жинаған тәжірибесін көрсете алғанына қуанышты.
Сұлтан Жұмаш, Сайыс жеңімпазы: «Жарысқа барлық филиалдардан үздік мамандар келді. Қарсыластардың барлығы да мықты. Өз саласының білікті мамандықтары. Сол сайыста бүгін жүлделі 1-ші орынды алдым».
Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен еңбекақыларына қосымша үстемақылар табысталды. Ал негізгі ауыспалы бас кубок «Шымкент» УМГ филиалына берілді. «Үздік маман» байқауы еліміздегі жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін айқындап қана қоймай, олардың беделін арттыруға, жас мамандардың кәсіби өсуіне, еңбек адамының мәртебесін көтеруге жол ашады дейді мамандар.
Ботакөз Әнуар






