Вакцина Опера және балет театрында…

170

Шымкенттегі классикалық өнер иелері де вакцина салдырды. Бүгін қаладағы жылжымалы пункт опера және балет театрында. Мұнда барлығы 200 қызметкер жұмыс істейді. Күннің бірінші бөлігінде 35 маман екпе қабылдады. Олардың ішінде ел мақтанышы Майра Мұхамедқызы да бар. Айта кетейік, жылжымалы пункт бүгіннен бастап қаланың әр мекемесіне барады.

Қаладағы опера және балет театрында бүгін өнер иелері сахнаға ғана шығып қойған жоқ. Олар өнер ордасында вакцина салдырды. Солардың бірі — Әйгерім Жұмабекова. Мәдениет ошағының хор әншісі бұл шешімге еш ойланбай келгенін айтады. Сөзінше, екпе қатерлі індеттен сақтанудың жалғыз жолы.

Әйгерім ЖҰМАБЕКОВА, Опера және балет театрының хор әртісі: «Біздің қауіпсіздігіміз үшін бұның бәрі жасалып жатқан. Түбінде салдыру қажетпіз. Ерме сөздер өте көп. Оның бәріне ере бермеу қажет. Кішкене қолдың мұздағаны бар. Бірінші салған кезде 30 минут ішінде бәрі тарқады. Жақсы».

Айта кетейік, бүгіннен бастап қаладағы емдеу орталықтары жылжымалы пунктпен мекемелерге ат басын бұруда. Вакцина егу мүмкіндігіне сол маңдағы тұрғындар да ие бола алады. Ақ халаттылар сөзінше опера және балет театрында екпе қабылдағандар арасында хабарландыруды көшеден көріп келген екі зейнеткер де болыпты.

Ботакөз ЖҰМАБЕКОВА, №14 емдеу орталығының меңгерушісі: «Жылжымалы пункттердің тиімділігі адамдардың жұмыс уақытын алмай сол жерге барып, арнайы сайманданған бригадалар бар емханаларда. Сол бригадалармен барып жылжымалы пункттерде вакцинация енгізіп жатырмыз. Бүгін Шымкент қалалық опера және балет театрына келдік. Мұнда 200 адам бар екен».

Жалпы өнер ордасында 200 қызметкер жұмыс істейді. Күннің алғашқы бөлігінде соның 35-і квиге қарсы екпе қабылдады. Олардың ішінде опера әншісі әрі театр басшысы Майра Мұхамедқызы да бар.

Назерке Үкібасова