Жаңа қаулы: Шымкентте тағы да шектеулер енгізілді

135

Шымкентте эпидемиологиялық жағдайға байланысты 32 мектеп карантинге жабылған. Енді мектеп оқушылары асханадан тамақтана алмайды. 5 күн бұрын қызыл аймаққа енген Шымкентте карантин талаптары күшейтілді. Енді тойдан тайынбай тұрған тұрғындар үшін банкет залдарының есігі жабық. Осылай деген қаланың санитар дәрігерлері мегаполистегі жаңа қаулымен таныстырды.

Алдарқұл АХМЕТОВ, Шымкент қаласы санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Әсемдік салондары және орталықтары, шаштараздар, маникюр, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсету орындары олар алдын ала жазылумен жұмыс істейді. Жұмыс уақыты тоғыздан 22:00-ге дейін шектеледі».

«Қызыл» белдеуде тұрған Шымкентте азық-түлік дүкендерінің де жұмыс уақыты қысқарды. Азық-түлік маркеттері мен дүңгіршектері таңғы тоғыздан түнгі онға дейін ғана жұмыс істей алады. Ал сауда орталықтарына сенбі жексенбі күндері жұмыс істеуге тыйым салынды.

Алдарқұл АХМЕТОВ, Шымкент қаласы санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Халықтың көп баратын жерлері ашық базарлар, жәрмеңкелердің жұмыстары алтыдан 18.00-ге дейін шектеледі. Жексенбі күні жұмысы тоқтатылады. Ал, жабық базарлар бұлардың жұмыстары алтыдан кешкі алтыға дейін. Олар сенбі жексенбі күндері жұмыстарын тоқтатуы тиіс».

Жаңа қаулы бойынша автовокзал мен туристерді тасымалдаушылар жұмысына да тыйым салынды. Ал, қоғамдық тамақтану орындары жұмысын жалғастыра береді. Бірақ, белгілі шектеулер енгізіліп отыр.

Алдарқұл АХМЕТОВ, Шымкент қаласы санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Қоғамдық тамақтану орындары дүйсенбіден бейсенбіге дейін, аптаның 4 күні 22-ге дейін жұмыс істейді. Ал, жұмадан жексенбі аралағында таңғы 9-дан 20:00-ге дейін. Кешкі сегізге дейін жұмыс істейді. Және сыйымдылығы 50 пайызға дейін толтыруымен. Бірақ 30 пайыздан асырмай рұқсат беріледі».

Есесіне енді ел біраз уақыт мәдени ошақтарына бара алмайды. Қаланың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес театр, кинотеатр және концертке тоқтау жасалды. Сондай-ақ, шымкенттіктер мен қала қонақтары енді жағдай жақсарғанша зоосаябаққа да бара алмайды.

Назерке Үкібасова