Шымкентте «Алтын белгіге» үміткерлер рекордтық көрсеткішке жетіп отыр

98

Шымкентте «Алтын белгіге» үміткерлер саны биыл рекордық көрсеткішке жетіп отыр. Сәйкесінше, алтынды ақтау үшін талаптар да күшейген. Енді үміткерлердің емтихан жұмысы екі кезеңді тексеруден өтпек.

Биыл Шымкентте «Алтын белгіге» 513 үміткер ұсынылып, рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Алайда үздік түлектерді енді білімін дәлелдеу үшін екі сынақ күтіп тұр. Алтын белгі үміткері алдымен өз оқу орнында жазбаша емтихан тапсырады. Екінші кезеңде білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексерілген емтихан жұмыстарын қайта қарайды. Егер үміткер мектеп емтиханынан бес алып, комиссия ол жұмысты төртке бағаласа, оқушы «Алтын белгіні» иелене алмайды.

Гүлнәр ДАРЫБАЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы: «Биылғы жылы алғашқы рет білім басқармасының маңынан арнайы комиссия құрылып отыр. Бұл комиссияның құрамына пән мұғалімдерінен білікті ұстаздар мен тәжірибелі ұстаздар тартылуда. Комиссияның жұмысы тек қана емтиханның жазба жұмыстарын тексереді. Яғни, ол математикадан және эссе».

Мұндай талап ата-аналарды да бей жай қалдырған жоқ. Олардың ойынша бұл өзгерістер балаға артық күйзеліс пен салмақ салуы мүмкін. Ал комиссия әділ шешімін шығарады деп сенім білдіріп отыр.

Алтын ЕСІРКЕПОВА, ата-ана:» Екі этап болса, енді амал жоқ, тапсырады. Балалар дайындалады. Енді біз қарсы шыға алмаймыз. Мен ойлаймын, екінші этапта шаш ал десе, бас алады деп ойламаймын. Себебі, бұл жағдайды да түсінеді деп ойлаймын қаланың білім басқармасы. Және баланың сөзінен, жазуынан, көзінен білесің негізі деңгейін. Сол үшін мен ойлаймын, мұғалімдердің қойған бағалары дәлелденеді. Және ол да тура сондай болып шығатынына менің күмәнім жоқ».

Ал сала мамандары бұл мектеп мұғалімдеріне сенімсіздік емес, керісінше, басты мақсат пандемия кезіндегі білім деңгейіне сараптама жүргізу деп сендірді. Білім басқармасындағылардың мәліметінше, биыл үміткерлердің басым бөлігі медицина саласы бойынша химия-биология, ІТ саласы бойынша физика-математика пәндерін таңдап отыр екен.

Роза СЕРІКОВА,«Алтын белгі» үміткері: «Дайындығым жақсы деп айтсам болады. Өйткені осындай экзамендер, ЕНТ-ні тапсырғаннан кейін және де бізге сондай үміт артылып отқаннан кейін, әрине, дайындалу керек. Негізі маған онлайн қатты ұнады.  Қиындық әрине бар. Бірақ, осы уақытқа дейін оқығандықтан, білімімізді ақтап шығамыз деп ойлаймын. Мен өзім география математика бағытын таңдадым. Экономика мамандығына түсейін деп жатырмын».

Педагогтардың айтуынша, онлайн оқу форматы оқушылардың білім деңгейіне айтарлықтай кері әсерін тигізбеген. Оған «Алтын белгіден» үміткерлер саны дәлел бола алады дейді саладағылар. Мәселен, былтыр Шымкентте 401 оқушы үмітті ақтаса, биыл «Алтыннан» үміткерлер саны 112 шәкіртке артық. Оның 321-і қыз бала, 192-сі ұл.

Ақмарал Айтбаева