Басына кастрөл кептеліп қалған бүлдіршін құтқарылды

405

 

Қалалық төтенше жағдай департаментіне күндізгі сағат 12:40-та шұғыл қоңырау түседі. Ата-анасының айтуынша, 1,5 жасар бүлдіршін кастрөлмен ойнап жүріп, ыдыс басына киіліп қалған. Қанша жерден өздері шешпек болғанымен, одан нәтиже шықпаған соң құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болады.

Бас құтқарушы К.Нұсқабаевтың жетекшілігімен құрамында 4 маман бар құтқару тобы көрсетілген мекенжайға келеді. Бүлдіршін жарақат алмаған, бірақ басын ұстатпай жылай береді. Құтқарушылар келген кезде балақай жылағаннан шаршап, ұйықтап кетіпті.

Құтқарушылар өсімдік майын жағып, ақырын қимылдап, 15 минуттың ішінде бүлдіршіннің басынан кастрөлді шешіп алды. Операциясы сәтті аяқталды, қыз баласы зардап шеккен жоқ.

Осыған орай төтенше жағдай департаментінің мамандары ересектерден балаларға абай болуды сұранады.