«Донор бол. Өзгеге өмір сыйла». Шымкенттік жастар қан тапсыру акциясын ұйымдастырды.
Донор болуға ниет білдіргендердің саны 200-ге жуық. Қалалық қан орталығына жиналғандардың көбі жастар. Сөздерінше, іс-шараның көздегені донорлар қатарын көбейту. Игі бастама келесі аптаның соңына дейін жалғасын табады.
«Донор бол. Өзгеге өмір сыйла». Осындай атаумен бүгін Шымкент қаласы қан орталығында акция өтті. Мақсат қалада донорлардың қатарын көбейту және жастарды қан тапсыруға шақыру дейді ұйымдастырушылар. Акцияға 200-ге жуық адам қатысты. Оның басым көпшілігі жас буын өкілдері.
Ерлан Айтбаев, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы: «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, алда келе жатқан 1 маусым — балаларды қорғау күні қарсаңында, күндердің сұлтаны жұма күні бір игі бастамалармен бастайық деп жастардың осындай бір бастамасымен басталып жатыр. Яғни, «Донор бол. Өзгеге өмір сыйла» акцияның атауын осылай қойған жастар. Неге, себебі сіздің берген әрбір тамшы қаныңыз біреуге үміт, біреуге өмір сыйлауы мүмкін».
Ұйымдастырушылар акцияға қатысушылардың дені жастар болса да, егде жастағы тұрғындардың да іс-шарада белсенділік танытып жатқандығын айтады. Ал, қан орталығының басшылығы қазіргі таңда қан тапшылығының жоқ екенін жеткізді. Десе де, мұндай бастамалар артық етпейді дейді.
Аманкелді Нұрлыбаев, Шымкент қалалық қан орталығының директоры: «Тапсырып жатқан адам көп. Жұмыс өте көп. Алынған қанның барлығын ауыр науқастарға, ауруханаларға таратамыз. Акцияның кезінде біздің жұмысымыз көбейеді де, жеңілдейді де. Сондықтан бұның астында өте үлкен тоқетері бар. Акция жасалып тұруы керек».
Орталық 43 мекемені қан компоненттерімен қамтамасыз етеді. Үшінші мегаполистен бөлек, Түркістан облысына да жіберіледі. Акция кезінде бір күнде келетін донорлардың саны 30-35-ке артқан. Айта кетейік, игі шара келесі аптының соңына дейін жалғасын таппақ.
Олжас Айдарбек